Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Ісмер нәзік жан: «Қол қусыру – мен үшін жат нәрсе»


«Жұлдыздарға қара» талай мүмкіндігі шектеулі жандарға үміт сыйлады. Қайырымдылыққа бағытталған бастама арқасында кәсібін кеңейткен қазақстандықтардың қарасы қалыңдады. 2012 жылдан бері «Даму» қоры бағдарламаны жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысуда. Байқау талаптарына сәйкес үздік жоба авторлары қайтарымсыз гранттың иегері атанады. Оның көлемі 100-300 мың теңге аралығында. Бағдарлама қатысушыларына грант ақшалай емес, өтінімдеріне сәйкес қажетті құрал-жабдықтар түрінде беріледі.
2014 жылы оңтүстікқазақстандық Гүлдариға Темірбаева да бағын сынауды ұйғарған. Бағдарламаға өтінімін жолдап, оның қатысушысы атанды. Нәзік жан «Даму» Қорында кәсіпкерліктің әліппесін, бизнес-жоспарды түзудің талаптарын, шаруаны дөңгелетудің қыр-сырларын меңгерді.
-    Тегін семинар-тренингтерде түйгенім көп. Өз ісімді ашудың тәртібі мен талабын түртіп алдым. Тоқығанымыз бизнес-жоспарды түзуге қолғабыс етті. Бағдарламаның әрбір қатысушысы өзінің идеясын көпшілік алдында қорғады. Байқау нәтижесі бойынша үш жеңімпаздың қатарынан табылдым. Марапат – мен үшін аса құнды. 200 мың теңгеге заманауи тігін және торлап тігетін машина сыйға тартылды. Оның мүмкіндігі көп. Ал бұған дейін қолдағы ескі қол машинасын пайдалануға тура келетін, - деп өзінің жанына жақын кәсібі жайлы  Гүлдариға Темірбаева сыр шертті.
Үш баланың анасы талай жылдардан бері тігіншілікті кәсіп еткен. Үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан төсек жабдықтарын тігеді. Оның қолынан шыққан бұйымдар көпшіліктің көңілінен шығады. Матаның сапасы, тігістің беріктігі, талғамның жоғарылығы көпшілікті бей-жай қалдырмайды. Олардың адам денсаулығына ешбір әсері жоқ, бояуы шықпайды. Жаны сұлулыққа жақын ісмер тапсырыстарды тыңғылықты орындауға тырысады. Оның өнерін туған-туыстарымен қатар достары да бағалап үлгерген.
-    Хабарландырусыз-ақ, тапсырыс аз емес. Бүгінде денсаулығымның сыр беруіне байланысты қолыма ине мен жіпті сирек аламын. Ем-дом шараларын қабылдауға басымдық беріп отырмын. Өзімді жақсы сезінсем, тыңғылықты жұмысқа кірісемін. Қол қусырып отыру – мен үшін жат нәрсе. Он екі мүшең сау болмаса да, маңдай теріңмен нәпақа табуың қажет. Жалқаулыққа бой ұрмай, өзгелерге өнеге болуға тырысқан абзал. Ең бастысы балаларым меннен сабақ алады емес пе?! - дейді нәзік жан.
Нәзік жанның талабы мен талпынысы, ынтасы мен ықыласы кез келген жанды тәнті етеді.



Назад