Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Шектеусіз мүмкіндік:нәзік жан қағаз қаптамалар өндірісін қалай жолға қойды


Ақмарал Байлауованың мамандығы – экономист. Талай жыл бойы «Ақ Жайық-7» ЖШС инженерлік қызметті абыроймен атқарған. Бірақ денсаулығы сыр беріп, жұмыстан қол үзді. Ем-дом, сауықтыру шаралары өз нәтижесін берді. Жігерлі нәзік жан қайта аяғына нық тұрды. Ол үшін өмірге налу,  қол қусыру – жат. Ынта мен талпыныс ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жанды кәсіпкерлікке жетеледі.
«Даму» қоры белсенді нәзік жанның көңіліне үміт пен сенім ұялатты. Кәсіпкерлікке жол ашқан бағдарлама – «Бизнестің жол картасы 2020». 6,5 пайызбен 3 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несиені рәсімделді.  Ақмарал қаржыны экологиялық таза қағаз қаптамаларды шығаратын өндірісті ашуға бағыттаған. Қажетті құрылғы сатып алынды. Атырау бизнес-инкубаторынан орын жалға алынды.
-    Өндірісті кеңейту үшін тәжірибені біліммен ұштастыру қажет. «Даму» қорының «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша кәсіпкерліктің негіздерін түртіп алдым. Бағым жанып, 2 миллион теңге көлемінде мемлекеттік гранттың иегері атандым. Оның арқасында қағаз қаптамаларға логотиптерді салатын қондырғыға тапсырыс берілді. Үлкен сұранысқа ие құрылғы жақында менің цехыма жеткізілуі тиіс, - деп өндірістің тынысымен «Бум-2020» ЖК жетекшісі Ақмарал Байлауова таныстырды.
Азық-түлікке арналған қаптамалармен қатар крафт қағаздар да кеңінен қолданылады. Нәзік жан ұсынылатын өнімдердің сапасына және беркітігіне баса мән береді. Қазақстандық қағаз қаптамаларды көбіне наубайханалар, жеке және интернет дүкендер сатып алады. Сұраныс аса көп емес. Ірі сауда орындары мен супермаркеттердің бірі целофаннан экологиялық өнімге көшуге асықпайды. Ал екіншілері сырттан жеткізілетін қағаз қаптамаларға қолқа салады.
-     Өнімді өткізу жағы қиындау. Қуаттылық төмен. Әлі де өндіріс толық жүктелмеген. Айына шамамен 30 мыңға жуық қағаз қаптамаларды шығарамын. Бірақ қазір оның өндірілетін көлемі төмен. Себебі сұраныс аз. Көбіне наубайханалар, өнімді жеткізумен айналысатын тамақтандыру орындары тапсырыс береді. Бұл кәсіптің болашағы бар. Мен әуелі оның ұзақмерзімділігіне баса мән беремін. Оны аяғынан тік тұрғызу мен үшін оңайға соқпай отыр. Десек те қиындықтарға қарамастан, өндірісті аяғынан тұрғызып, оны жаңа деңгейге шығаратыныма кәміл сенемін. Азық-түліктің әдеттегі целофаннан гөрі нан қағазға оралғаны жөн емес пе?, - дейді кәсіпкер.
Өндіріс барысы көбіне адамның қол еңбегіне артылған. Қолдағы қондырғы дайын қаптамаларды шығармайды. Тек оның бүйірін және төменгі тігісін желімдейді. Ал оның төртбұрышты түбін жасауды Ақмарал өз мойнына алған. Станоктың басы-қасында өзі тұрады. Қондырғының тілін меңгерген нәзік жан біліп-түйгенін қызметкерлерге меңгертуде. Бүгінде өндірісте 7 адам тер төгеді.


Назад