Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Руслан Әбуов: «Өзіме таңсық емес, таныс кәсіпті қолға алдым»


Елімізде өз ісін ашуға ниет білдіргендердің қатары артып келеді. Биылғы қыркүйек бойынша статистикалық деректерді тергіштесек, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 миллион 200 мыңға жуықтады. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көрсеткіш 6,3% көбейді. Олардың дені жеке кәсіпкерлікке бет бұрған. Бизнесмен атану – атыраулық Руслан Әбуовтың да көкейіндегі арманы. Ордабұзар жастағы жігіт мұнай компаниясында логистика бойынша қызмет етіп, тәжірибесін шыңдаған. Толысқаннан кейін бүйрегі бұратын кәсіпке ден қойды.
-    Кәсіпкерлік – үлкен жауапкершілік. Оның тиімділігі мен табысы тек өзіңе ғана байланысты. Өзгені емес, өзіңді үнемі қамшылауды талап етеді. Жинақылық, талпыныс пен еңбекқорлық – оның бір парасы ғана. Өзіме таңсық емес, таныс істі қолға алдым. Өз басым темір тұлпарларға жақынмын. 10 жылдан бері көліктің тізгініндемін. Оны жөндеудің қыр-сырына қанықпын. Сондықтан техникалық қызмет көрсету стансасын ашуға бекіндім. Бірақ қолымдағы қаржы қат болғандықтан, банкке жүгіну қажет еді, - деп өзінің таңдауы жайлы Руслан Абуов ой бөлісті.
Жігерлі жігіттің ойын қағазға түсіруге «Даму» қоры қол ұшын созды. Білікті мамандар бизнес-жоспарды түзуге жәрдемдесті. Оның негізінде Қордың кепілдігі арқасында екінші деңгейлі банкте 20 миллион теңгеге жуық көлемде несие рәсімделді. Руслан «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеменің жартысын ғана өтейді. Қалғанын «Даму» Қоры өз мойнына алған.
-    «Дамудың» қолдауы жас кәсіпкерлер үшін аса маңызды. Қолыңдағы кепілзат аздық етсе, несиеден қағылатының хақ. Оның жылдық пайыздық мөлшерлемесін төлеуде де жеңілдік қарастырылған. Бұл – кәсібімді аяққа тұрғызуға елеулі көмек, - дейді атыраулық жас.
Бүгінде бір қабатты нысан бой көтерді. Станса – кешенді. Онда шинау жөндеу, көлікті жуу, оған техникалық қызмет көрсету қарастырылған. Су бүркіштер, шаңсорғыштар және қажетті құрал-жабдықтар сырттан жеткізілді. 1-1,5 айдың ішінде кешен іске қосылады. Кәсіпкердің жоспары бойынша бастапқыда 3 адам жұмысқа қабылданбақ. Кейін ұжым кеңейеді. Себебі келешекте кешенде шағын дүкен, күту бөлмесі және асхана ашылады.
-    Нарықты жете зерттедім. Талдау жасалды. Оның болашағы мен тиімділігіне сараптама жүргізілді. Қаланың бұл ауданында тек бір көлік жуу орны болған. Енді меннен бөлек қосымша үш көлік жуу орны салынуда. Бәсекеге шыдас беріп, сапа мен сенім арқылы көпшіліктің көңілінен шығуға тырысамыз, - деп сөзін түйіндеді атыраулық тұрғын.  


Назад