Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Мамандығы – банкир, бірақ кәсіпкерлікке бейім


Мақсот Ажғұлов экономика мен қаржының жілігін шаққан. 12 жыл бойы банкте тер төккен білікті маман кәсіпкерлікте бағын сынауды ұйғарған. Сан соқпау үшін әуелі ішкі нарық, тұрғындардың қажеттілігі жіті зерделенді. Шығын мен кіріс, тәуекел мен тиімділік деңгейі таразыланды. Тыңғылықты талдаудың нәтижесінде таңдау қызмет көрсету саласына түсті.  
-    Бала кезімнен темір тұлпарға аса ұқыптылықпен қараймын: оны жуудан бастап техникалық бақылаудан өткізуге дейін. Көлік жуу орындарының қызметіне жиі жүгінемін. Бірақ оның сапасы көңілімді көншітпейтін. Сенімнің кілті – ризашылықта, жұмысқа деген ұқыптылықта деп жастарға кеңес беремін. Егер темір тұлпар «жылтырамаса», онда келесі жолы  жұмысына селқос мамандардан ат тоныңды ала қашасың. Қыл аяғы кейде клиенттер мен көлік жуушылар арасында түсініспеушіліктер туындайды. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін өз-өзіне қызмет көрсететін көлік жуу орнын ашуға бел будым. Оның бизнес-жоспарын түзуге «Даму» Қорының мамандары қолғабыс етті. Арманыма «Даму» Қорының кепілдігі қанат бітірді. Оның арқасында банктен қомақты көлемде несие алдым. Мемлекеттік қолдау аса маңызды, қажет әрі дұрыс шешім, - деп кәсіпкерліктегі өзінің алғашқы қадамдарын Максот Қуандықұлы жіпке тізді.
Модульді көлік жуу стансасы әдеттегіден ерек. Темір тұлпарыңызды қолыңызға шүберек алып, өзіңіз жуасыз. Мамандар тек орнатылған құрал-жабдықтарды дұрыс пайдаланудың жолын меңзейді. Құрылғылар итальяндық. Көпіршік, су, химиялық тазалау заттары. Таңдау аясы кең. Көлікті қалай және қанша уақыт жууды жүргізушілер өздері белгілейді. Көрсетілген минуттардың сақталуын арнайы құрылғылар бақылайды. Оған сәйкес төлемақысы анықталады. Ең төменгі баға 200 теңгеден басталады.
-    Орнатылған құрылғылардың қасында операторлар болады. Олар батырмаларды түсіндіреді және көрсетеді, - деп сөзін сабақтады Мақсот. –  Көлік жүргізушілері үшін нұсқаулықтар да қарастырылған. Көлікті қалай жуу қажет, қандай тазалау құралдарын қолданған жөн, дұрыс шаюдың жолымен танысуға болады. Сүрте ме, жылтырата ма, лактай ма. Жүргізушілер өзіне-өзі қызмет етеді.
Модульді көлік жуу орны украиндық франшизамен ашылды. Бой көтерген ғимаратта ашық 4 бөлік қарастырылған. Кәсіпкердің есеп-қисабы бойынша бір көлік орташа алғанда 7-10 минут жуылады. Сәйкесінше күніне жаңа модульді орталыққа 120 темір тұлпар иесі жүгінеді деп жоспарланған. Келешекте қызмет аясын кеңейтілмек. Көлік жүргізушілері мен олардың жолаушылары үшін еуропалық үлгіде тамақтандыру орны, балаларға ойын алаңы ашылады. Өз ісін жаңа бастаған кәсіпкер қызмет көрсету сапалы, бағасы халыққа тиімді болуына басымдық бермек.
-    Қолға алатын кәсібің уақытша ма әлде келешегі бар ма? Мұны жан-жақты зерттеу керек. Мәселен, пластик терезелер бұрын тиімді әрі сұранысқа ие еді. Ал бүгінде ресейден түрлі заманауи түрлері жеткізіледі. Сондықтан көпшілік өнімдерін өткізе алмай әлектенеді, - деп өзінің ақыл-кеңесімен батысқазақстандық кәсіпкер бөлісті.






Назад