Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Светлана Скорик: «Тігіншілік – жаныма жақын кәсіп»


Олардың арасында тағдырдың тауқыметін тартқан мүмкіндігі шектеулі жандар аз емес. Жігерлі жүректерге «Даму-Көмек» бағдарламасы қол ұшын созады. Ниет білдіргендер тарапынан тігін машиналарына, компьютерлер мен кеңсе құрал-жабдықтарына сұраныс көп.Игі бастаманың игілігін сезінген қазақстандықтардың қатары қалың. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде өздерінің шағын кәсіптерін дамытуға кірісті. Қолының ебі бар Светлана Скорик – сөзіміздің бір айғағы. Жамбыл облысының тұрғыны үшін ине мен жіп – кірістің басты көзі. Кәнігі шебер кез келген киімге сән келтіреді.
-    «Даму» қоры – мүмкіндігі шектеулі жандар мен демеушілер арасындағы дәнекер. Оның арқасында он екі мүшесі сау емес адамдар да кәсіппен айналысуға талпынады, - деп өзінің әңгімесін Тараз қаласының тұрғыны Светлана Скорик бастады. - «Даму-Көмек» бізге қанат бітіреді және жаңа жеңістерге ынталандырады. Жомарт жандар кәсіп ашуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді. Мен де бағдарламаға жүгіндім. Бұйымтайым жерде қалмады. «Даму-Көмектің» арқасында биыл тігін машинасын сыйға алдым. Оның мүмкіндіктері көп. Заманауи құралдың тілін табу оңайға соқпады. Нұсқаулыққа үңіліп, тігін машинасын сыннан өткіздім. Нәтижесі көңіліме қуаныш ұялатты.
Тігіншілік пен ісмерлік оның бойына кішкентайынан дарыған. Қарым-қабілеті өмірлік кәсібіне айналды. ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан талай жылдар бойы ательеде тер төккен. Ерлермен қатар әйелдердің киімдері оның қолынан шыққан. Тұрақты тапсырыстар Светлананың шеберлігінің нәтижесі. Тігудің кез келген түрі ол үшін таңсық емес. Кестелеу, ілмектеп тігу – оның бір парасы ғана. Тек таң атысынан күн батысына дейін тігін машинасынан қол алмау денсаулыққа кері әсерін тигізетіні мәшһүр.
-    Тігу – жанымды жадыратады. Сүйікті ісім арқылы күнделікті нәпақамды табамын. Бұл – менің өмірлік кәсібім. Талай жылдар ішінде тұрақты жүгінетін тұрғындар бар. Тапсырыстарды үйде орындаймын. Көбіне төсек жабдықтарына, әйелдердің киімдеріне сұраныс көп. Жейделер, көйлектер, күртешелер, белдемшелер көбіне тігіледі. Бүгінде денсаулығым сыр бергендіктен, ем-дом шараларына басымдық беріп отырмын. Күш жинап алған соң, күнделікті кәсібіме қайта кірісемін, - дейді ісмер.


Назад