Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

«Даму-көмек»: қам-қарекетке кіріскен жандарға жол ашады


Гүлмира Жолдасованың пікірі осыған саяды. Тараздық нәзік жанның қолы алтын. Ине мен жіп – мектеп жасынан бері күнделікті ермегі. Сүйікті ісі бүгінде күнкөріс көзіне айналып отыр. 2 жыл бұрын ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан жеке кәсібін ашты. 2 тігіншіні жұмысқа қабылдап, оларға өзінің біліп-түйгенін меңгертті.
-    Мен талай жыл бойы заңгерлік салада еңбек еттім. Кейін денсаулығым сыр бергендіктен, мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарын толықтырдым. Бірақ қол қусырып отыру мен үшін жат нәрсе. Жасөсіпірімдік кезімнен бері кестелеп және оюлап тоқу және тігу – жаныма ерекше жақын. Үйге қажетті заттардың денін өз қолыммен жасадым. Асханаға арналған сүлгілер, кестелі орамалдар, дастарханды безендіретін нәрселер – олардың бір парасы. Оған достарым мен таныстарым қызығушылық танытып, ермегімді кәсіпке айналдыру қажеттігін түсіндім, - деп өзінің сүйікті ісі жайлы Жамбыл облысының тұрғыны әңгімеледі.
Кәсіп ашу үшін тігін машинасының қажеттігі туындады. Оның құны қалтаға салмақ салатыны мәлім. Тараз қаласының тұрғыны «Даму» Қорының ұсынған мүмкіндігінен қапы қалмауды жөн санады. Жомарт жандар оған қол ұшын созды. «Даму-Көмек» бағдарламасы бойынша Гүлмира Карлқызына тігін машинасы сыйға тартылды. Бүгінде ас үйге арналған нәрселердің 10-ға түрі тігіледі. Олардың ерекшелігі – қазақтың ою-өрнектерімен нақышталуында.  Мейрамханалар көбіне сәндік сүлгілерге тапсырыс береді. Жеке тұрғындар да қолы алтын тігіншіге жүгінеді. Мейрам күндері келушілердің қатары көбейеді. Тігілетін заттардың үлгілерін, оюларын нәзік жан өзі ойластырады. Олардың күрделігіне байланысты нақты бағасы құбылады. Жұмыстардың дені қолмен жасалады. Барлық заттарды безендіру, ою салу оңайға соқпайды.
-    Тіршілікте несібеңді тауып, маңдай теріңмен нәпақаңды табу қажет.  Үйде отырып, тірлік еткен жандар үшін мемлекеттік қолдаудың маңыздылығы зор. Маған тігін машинасын сыйлағанына алғысым шексіз. Жұмысым алға жылжыды. Ас үйге арналған орамалдарды тігіп, 4-5 дүкендерде сауда сөрелерінде жайғастырамыз. Кәсіппен қатар денсаулықты нығайтуға да кірістік. Әзірге екеуін қатар алып жүрмін, - деп ағынан жарылды  Гүлмира Жолдасова.
Нәзік жанның жоспары көп. Қолға алған кәсібінің тынысын тарылтпай, кеңейтуді армандайды. Ендігі мақсат – ұлттық ою-өрнектермен өрнектелген төсек жабдықтарын тігу.


Назад