Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Дмитрий Тихонов: «Кепілдеме – өз ісін ашқан кәсіпкерлер үшін таптырмас көмек»


Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны 12 жыл бойы тау-кен өндіру саласында тер төккен. Оның жілігін шаққан білікті маман жеке кәсіппен айналысуға әзір екендігін түсінді. Таңдау ешбір қиындық тудырмады. Дмитрий жанына жақын және өзіне жете таныс саланың тамырын дөп басты. 2013 жылы Өскемен қаласында өнеркәсіптік жарылғыш заттардың өндірісі іске қосылды. Зауыттың тауарын рұқсаты бар тау-кен және құрылыс саласындағы кәсіпорындар тұтынады. Пайдалы қазбаларды өндіру және карьерлерді іске қосу кезінде өнеркәсіптік жарылғыш заттар жиі қолданылады. Оның көмегімен сілемдерді тау жыныстарынан бөліп алу жұмыстары жүргізіледі.
-    Зауытты қолданысқа тапсыру қомақты қаржы құюды талап етті. Еншімдегі ақша қат болғандықтан, мемлекеттік қолдауға қолқа салуды жөн санадым. Менің қағаздағы жоспарым «Дамудың» демеуі арқасында өмірге жолдама алды. Стартап жобам Қор мамандарын бей-жай қалдырмады. Олар маған құжаттарды рәсімдеуге қолғабыс етіп, ақыл-кеңестерін берді. Несие алуға қолымдағы кепілдің өзі тапшы еді. Қордың тетігі арқасында 2014 жылы банк 20 миллион теңгеге өтінішімді құптады. Сонымен қатар пайыздық мөлшерлеменің тең жартысы «Даму» тарапынан демеуқаржыландырылды. Бұл – өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін үлкен және маңызды көмек. Артылған сенімді ақтай білу қажет. Енді білек сыбана жұмысқа кірістік, - деп кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдарын «Industrial Explosives» ЖШС директоры Дмитрий Тихонов жіпке тізді.
Зауытта алғашқы өнім 2015 жылы шығарылған. «Көш жүре түзелер» демекші, өндірістің қарқыны біртіндеп ұлғаюда. Жылдық жобалық қуаттылық 20 мың тоннаны құрайды. Бүгінде оның 20 пайызы бағындырылған.
-    Зауыт модульді. Барлық құрылғылар мен станоктарды өз қолымызбен құрастырдық. Өндірістің барысы автоматтандырылған. Десек те негізгі жүк адамның күшіне артылады. 1980 жылдардағы технология жетілдіріліп, бүгінде кеңінен кәдеге жаратылады. Дайын тауардың қауіпсіздігі мен сапасына баса назар аударылады. Сәйкесінше техникалық талаптар қатаң сақталады.
Шикізат өзімізде қат болғандықтан, Ресейден және Қытайдан жеткізіледі.  


Назад