Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

«Дамудың» қолдауымен Ақсайда жаңа пиццерия ашылады


33 жастағы батысқазақстандық жігіт қоғамдық тамақтану орнын ашуға бел байлады. Биылғы тамыз айында Ақсай қаласында ресейлік Додо Пицца франшизасымен жаңа пиццерия есігін айқара ашпақ. Бүгінде жалға алынған ғимаратта жөндеу жұмыстары тәмамдалуға жақын. Қызметкерлердің жұмысына, келушілердің демалысына қолайлы жағдай жасауға баса мән берілген.
-    Өз ісін жаңа бастаған қазақстандықтар үшін «Даму» Қорының бағдарламалары демеу болып отыр. Біз де оның шарапатын сезіндік. «Дамудың» кепілдігі болмаса, екінші деңгейлі банктің 20 миллион теңге көлеміндегі несиені құптауы екіталай еді. Сонымен қатар пайыздық мөлшерлеменің тең жартысы мемлекет тарапынан демеуқаржыландырылады. Бұл – елеулі көмек, айтарлықтай жеңілдік. Бір қабаттағы нысанда 200 шаршы метр аумақты жалға алдық. Оның тең жартысы өндірістік цех үшін қарастырылған. Себебі үлкен тоңазытқыштар және қажетті құрал-жабдықтар орнатылады. Франшиза ресейлік. Олар аумақты жобалау жұмыстарын өз мойындарына алды, - деп қолға алынған жобаның жүзеге асырылу барысына «PizzaMaster» ЖШС өкілі Арман Ағайдаров кеңінен тоқталды.
Жоспар бойынша келушілер өнімнің 25-30 түрінен дәм тата алады. Оның 14-і алуан пиццаларға тиесілі. Мәзірде сэндвичтер, додстерлер, салат-роллдар, чизкейктер де бар. Ұсынылатын тағамдардың барлығы сапалы және табиғи азық-түліктерден дайындалмақ. Әзірге шикізатты жеткізетін кәсіпорындармен келіссөздер жүргізілуде. Олардың арасында отандық әрі шетелдік компаниялар бар. Бүгінде батысқазақстандық кәсіпкеркер дат компаниясымен байланыс көпірін орнатты.
-    Қоғамдық тамақтану саласын сараптап, халықтың экологиялық таза халал өнімдерге сұранысы үлкен екендігіне көзіміз жетті. Енді оларды өзіміздің пиццериямызды кеңінен қолданамыз. Дәмі тіл үйіретін тағамдар тек табиғи өнімдерден әзірленеді. Олардың дайындалу барысына баса назар аударылмақ. Қызмет көрсету мінсіз болуы тиіс. Оның сапасын қамтамасыз етуге тырысамыз. Бізде қызмет етуге ниет білдіргендер арасында сынақ өткізіп, іріктеу жүргіземіз. Одан сүрінбей өтсе, қысқа оқыту курстары қарастырылған, - дейді бағдарламалау тілін меңгерген Арман.
Бастапқыда 15-16 адамды жұмысқа қабылдау жоспарланған. Пиццерияның тасы өрге домаласа, онда ұжым кеңейеді.  


Назад