Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Мүмкіндіктер көкжиегі кең


Денсаулығыңда кінәрат болса, салыңды суға салма. Ақсәулет Куватова жігерімен және еңбексүйгіштігімен талайдың алдын орайды. Қол қусырмайтын оңтүстікқазақстандық нәзік жан өзінің ептілігін түрлі салада сынайды. Той салоны, шаштараз, саңырауқұлақ өсіру – оның бір парасы. 2016 жылы Шымкент қаласының 66 жастағы тұрғыны «Даму» қорының «Даму-Көмек» бағдарламасына жүгінді. І топтағы мүмкіндігі шектеулі жанға жомарт кәсіпкер қолғабыс етті. Сыйға берілген тігін машинасы кәсіптің көзін ашты. Оның қолынан шыққан төсек жабдықтары мен жаңа туған балаға арналған киімдер сұранысқа ие. Жаялықтарға, жөргектерге, жейделерге, бас киімдерге тапсырыс берушілердің қарасы қалың.

- Мүмкіндіктер көкжиегі кең. «Даму» Қорының бағдарламалары кез келген адамды ынталандырады және талпындырады. Тек ниет танытып, қам-қарекетке кіріскен жөн. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де кәсіпкерлікпен айналысуға жол ашық. Маған «Даму» қорының қолдау шапағатын сезіндім. Тегін берілген тігін машинасы кәдеме жарады. Бүгінде оның арқасында күнделікті нәпақамды тауып отырмын. 2 адам жұмысқа қабылданды. Тігілетін киімдер мен төсек жиынтықтарының құны қолжетімді. Бағаның тұтынушылар үшін тиімді болуына баса назар аударамыз. Мәселен, текстиль өнімдерін 2-6 мың теңге аралығында сатып алуға болады. Тапсырыстарды сараласақ, көбіне жаңа туған сәбилердің киіміне көп тапсырыс беріледі, - деп өзінің шағын кәсібі жайлы Ақсәулет Куватова әңгімеледі.

Оңтүстікқазақстандық кәсіпкер табиғи маталардан сапалы киім-кешек тігуге ден қойған. Олардың барлығы тек мақтадан ғана тігіледі. Қажетті шикізат көбіне қаланың сауда орындарынан таңдалады. Оның балалар үшін қолайлығына және жұмсақтығына баса назар аударылады. Киімдердің үлгісі бойынша тыңғылықты жұмыс жүргізіледі. Оның нобайы әуелі қағазға түсіріледі. Артықшылықтары мен кемшіліктері пысықталып, кейін киімді пішудің қам-қарекеті қолға алынады.    

- Мен талай жылдар бойы көлік саласында еңбек еттім. Кейін жеке ісімді ашуға бел будым. Әуелі саңырауқұлақтың «вишенка» деген сұрыпын өсіріп, оған сұраныс артып, 5 мүгедек адамды жұмысқа қабылдадық. Өнімді өткізумен ешбір қиындықтар туындаған жоқ. Тек қолдағы қаржының аздығынан аталмыш кәсіпті уақытша тоқтатуға тура келді. Шымкент қаласында бәсекелестік орта қалыптасқан. Оған шыдас беріп, әрдайым жұмысыңды жетілдіру қажет. Бүгінде еншімде той салоны, шаштараз бар.

Шөбере сүйген Ақсәулет Куватова өзінің кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.



Назад