Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

«Даму-Көмектің» игілігін сезінген шебер


«Даму-Көмек» - мүмкіндігі шектеулі жандар үшін теңдессіз бағдарлама. Игі бастама тағдырдың тауқыметін тартқан адамдардың үмітін оятты. Демеудің арқасында олар кәсіпкерлікте бақтарын сынап, жандарына жақын сүйікті істерімен айналысуына жол ашылды. Бұл өз кезегінде талай жаңа жұмыс орындарының ашылуына түрткі болғаны хақ.

Өзінің қарым-қабілеті арқылы бүгінде нәпақаға кенелген мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары қалың. Олардың бірі – Максот Әскеров. Оның қолы алтын. Шеберлігіне көпшілік тәнті. Атыраулық тұрғын жерлестерінің алғысына бөленген. Техниканың тілін тапқан Максот Дабысұлы 1987 жылдан бері тоңазытқыштарды жөндейді. Заман талабы қолдағы жөндеу құрылғыларын ауыстыруды талап етті. Заманауи құрал-жабдықтарды еншілеуге «Даму» қоры қол ұшын созды.

- Қазіргі тоңазытқыштарды жөндеу үшін соны құрылғылар керек. Қолымды «Даму» қоры ұзартты. Білікті мамандар көмектерін аямай, құжаттарды толтыруға жәрдемдесті. Менің ісім көпшілікті бей-жай қалдырмады. 2016 жылы Қор арқылы 200 мың теңге көлемінде грант жеңіп алдым. Қаржыны көп функционалды кептіргішті, дәнекерлеу аппаратын, вакуум сорғысын сатып алуға жұмсалды. Замануи құрылғылар менің жұмысымды едәуір жеңілдетті. Жөндеуді жедел әрі сапалы жүргізуге жол ашылды. Адал еңбектің арқасында күнделікті нәпақамды айырып отырмын, - деп өзінің кәсіпке айналған ісі жайлы Максот Әскеров әңгімеледі.

Қолы алтын шебердің шеберханасы жоқ. Бұған дейін көлік гаражын жалдауға тура келген. Енді барлық жөндеу құрылғыларын үйінде сақтауға мәжбүр.

- Шеберхананың жоқтығы екі аяққа тұсау салады. Жалға алайын десең, бағасы күйіп тұр. Кесірінен тоңазытқышы істен шыққан тұрғындардың үйлеріне баруға мәжбүрмін. Бірақ жөндеу құрал-жабдықтарының салмағы кемінде 15 келіге жетеді. Ауыр болғандықтан, бұл менің денсаулығыма әсер ететіні даусыз, - дейді атыраулық тұрғын.

Өз ісінің хас шебері көпшіліктің сеніміне ие. Оған жүгінетіндер Максоттың еңбекқорлығы мен адалдығын жақсы біледі. Сондықтан бұйымтайымен жүгінетіндердің қатары аз емес. Бірақ денсаулығының нашарлауына байланысты атыраулық шебер ем-дом шараларын күшейтті.

- Бұрын тоңазытқышы істен шыққан тұрғындарға ешбір кедергісіз жететін едім. Бүгінде мен үшін екі аяқпен жүру қиынға соғып отыр. Көпқабатты үйлерге көтерілу бір мұң. Сондықтан басты байлық денсаулығымды нығайтуды шештім, - дейді кәсіпкер.



Назад