Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Қаларалық бағдарды ашқан кәсіпкер


Мықты біліммен қарулансаң, асығың алшысынан түседі. Ақпараттық дәуірде біліп-түйгенді жетілдіру заман талабына айналып отыр. Уақыт тынысын дөп басқан Нұрсұлтан Исин «Даму» Қорына жүгінген. Ақмола облысының тұрғыны «Жаңа бизнес ашуды қолдау» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік әліппеге тереңірек үңілді. Семинар-тренингтер тегін. Бизнес жоспарды айна-қатесіз түзу, жобалық менеджменттің негіздері – қаузалған тақырыптардың бір парасы. Білім көкжиегін кеңейткен Нұрсұлтан тәуекелге бел буды. Күдіктен гөрі үміті басым жігіттің жолы оңынан туды. Ол қалааралық жолаушылар тасымалында өзінің бағдарын ашты.

- Жоғары білім алған соң, алғашқы еңбек жолым мемлекеттік қызметтен басталды. 3 жылдан кейін көлік саласында жеке кәсібі бар ағама қолғабыс еттім. Тәжірибе жинап, кәсіпкерлікте бағымды сынауды ұйғардым. Әуелі 3 мәрте «Даму» Қорындағы білікті мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ түрдім. Олардың бірі Ольга Тарасюк маған бизнес жоспарды түзуге көмектесті. «Дамудың» қолдауымен биыл жобам екінші деңгейлі банкте құпталып, несие алдым. Оның жылдық пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады, - деп өзінің кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдарын көкшетаулық Нұрсұлтан Исин бағамдады.

Қолға алынған қаржыға қос шағын автобус сатып алынды. Олар 2017 жылғы мамыр айынан бері Көкшетау-Астана арасында жүйткиді. Жолаушылар заманауи көліктермен діттеген жерлеріне жете алады. Жеке бағдардың көпшілік үшін қолайлы және тиімді болуына баса назар аударылады. Жас кәсіпкер сапалы қызмет халықтың сенімін арттыратынын түйсінеді.

- Таңдалған саланың бүге-шігесін білген абзал. Барлық тәуекелдер мен шығындарды анықтап, оларды саралау қажет. Барлығы айқын және нақты болуы тиіс. Нәтижесінде бизнес жоспардан мүлт кетпейсіз. Туындайтын қиындықтар мен тосқауылдарды алдын ала бажайлауға жол ашылады. Өз басым бағдар бойынша келіссөз жүргізуде әбігерге салындым. Бірақ барлық мәселелер реттеліп, өзінің шешімін тапты. Бүгінде айналысатын кәсібім тиімді екендігіне көзім жетті. Енді оның аясын кеңейтуді армандаймын. Келешектің еншісіндегі мақсаттар көп, - деп өзінің жоспарлары жайлы Ақмола облысының жас кәсіпкері әңгімеледі.

Жас болса да, бас бола білген Нұрсұлтан өзінің жеке көлік паркін ашудың жолдарын зерделемек. Ол үшін әуелі қосымша көліктерді сатып алуға кіріспек.



Назад