Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Жаңа «Дем» беретін табиғи тіршілік нәрі


«Мақсатың айқын болса, алынбайтын асу, бағынбайтын қамал жоқ». Оның өміршеңдігіне Сержан Ашығалиев көз жеткізді. Батыс Қазақстан облысының тұрғыны көкейіндегі асқақ арманына жан бітірген. Төгілген маңдай тердің арқасында Қаратөбе ауданында таза ауыз су өндірісі оң жолға қойылды. Бүгінде оның дәмі көпшілік үшін таңсық емес. «Дем» белгісімен шығарылатын тіршілік нәрі тұтынушылардың сенімін иеленген. Құтыларға құйылған су өңірдегі сауда орындарының сөрелерінен орын алған. Стартап жобаның табысты кәсіпке айналуында «Даму» Қорының өзіндік қолтаңбасы бар.

- Кәсіппен айналысуға бел бусаңыз, әуелі таңдалған саланың бүге-шігесін зерделеген ләзім. Мен 1-2 жыл көлемінде ауыз су өндірісін нысанаға алып, тәуекелдері мен артықшылықтарын сараладым. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, ойымды қағазға түсірдім. Оның өмірге жолдама алуына «Даму» Қорының қосқан үлесі ұшан-теңіз. Біріншіден, білікті мамандар кәсіпкерлік жоспарда түзуге қол ұшын созып, ақыл-кеңестерін аямады. Екіншіден, облыс орталығы Орал қаласынан 250 шақырым жерде орналасқан ауыл тұрғынына қомақты несиенің құпталуы екіталай. Бірақ Қордың кепілдігі арқасында 2014 жылы екінші деңгейлі банктен 11 миллион теңге көлемінде қаржы алдым. Оның жылдық пайыздық мөлшерлемесінің 7% «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша демеуқаржыландырылды. Үшіншіден, шығарылған өнімді жарнамалауға «Даму» қолдау көрсетті, - деп өзінің кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдарын Сержан Ашығалиев екшеледі.

0,15 гектар аумақта бой көтерген өндіріс цехы 2015 жылдың мамыр айында іске қосылды. Онда 0,5, 1, 1,5 литрлік құтыларға су құятын желілер орнатылған. Тәулігіне 3 текше метр тіршілік нәрі талапқа сай сүзгіден өткізіледі. «Дем» белгісімен шығарылған су облыстың ірі сауда орындарына жол тартады.

- Әуелі судың сапасына көпшіліктің көзін жеткізу, ірі сауда желілерінің сөрелерінен орын алу қиынға соқты. Бірақ барлық түйткілдер мен тосқауылдарға мойымай, оларды жеңе білдім. Тынымсыз еңбек, ұзақ келіссөздер өзінің жемісін берді. Білім, тәжірибе, батылдық – өрге жетелейді. Мен үшін бұл табыстың басты кілтіне айналды. Үйренуден жалықпай, біліп-түйгенді жетілдірген жөн, - деп түйіндеді батысқазақстандық кәсіпкер.

Екі жыл ішінде құтыдағы ауыз су өндірісі оң жолға қойылды. Бүгінде шағын цехта 6 адам тер төгеді. «Демге» сұраныс бар. Газдалған және газдалмаған тіршілік нәрінің сапасына тұтынушылардың көңілдері тоқ. Енді кәсіпкер ішкі нарыққа ұсынылатын өнімнің аясын кеңейтуге кіріспек. Табиғи сумен қатар сусындардың түр-түрін шығару жоспарланған. Тек әзірге оған қажетті мамандар қат әрі қосымша құрал-жабдықтың жоқтығы қолбайлау болып отыр.



Назад