Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Табыстың кілтін тапқан дәрігер


Ақ халатты абзал жан Асылбек Әлібеков дертіне дауа іздеген талай науқасқа қол ұшын созды. Жерлестерінің алғысына бөленген батысқазақстандық дәрігер 20 жылға жуық медицина саласында еңбек етеді. Тәжірибелі травматолог-ортопед 2015 жылы өзінің жеке орталығын ашуға бел буды. Білікті маман «Даму» Қорының қолдауына жүгініп, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының шапағатына бөленді.

- Бастапқыда ғимаратты жалдауға мәжбүр болдым. «Даму» Қоры қолымды ұзартты. Мамандары білікті. Олардың көмегі арқасында ғимаратты сатып алуға 18 миллион теңге көлемінде несие алдым. Оның жылдық пайыздық мөлшерлемесінің тең жартысы мемлекет тарапынан демеуқаржыландырылды. Ал қажетті заманауи құрал-жабдықтар өз қаржымның есебінен еншіленді, - деп нәпақаға кенелтетін кәсібінің тынысын Асылбек Әлібеков бағамдады.

Барлық талапқа сай жарақтандырылған «Жайық-орто» салоны 2016 жылдың тамыз айында есігін айқара ашты. Оның негізгі қызметі травматология-ортопедия бойынша кеңес беруге, компьютерлік диагностикаға, патологиялық тоқтамға, сынықтарды емдеуге, ортопедиялық тауарларды сатуға, тірек-қимыл жүйесі ауруларын емдеуге және ота жасауға бағытталған. Бүгінде білікті 5 маман жанына дауа, деніне шипа іздеп келген тұрғындарға қол ұшын созады. Ғылыми жаңашылдықтарға сәйкес емдеудің соны жолдарыы кеңінен кәдеге жаратылады.

Салон травматология және процедуралық кабинеттерден, таңу бөлмесінен тұрады. Медициналық қызметтермен қатар ортопедиялық аяқ киімдер және ұлтарақтар ұсынылған. Оларды жеке тапсырыс бойынша жасайтын шеберхана да бар.

-               Ортопедиялық дүкенді 5 жыл бұрын аштым. Онда жарақат алғандар қажетті заттарды сатып алады. «Жайық-орто» салонына жүгінушілерді өзім де қабылдаймын. Олардың әрқайсысына жете көңіл бөліп, бұйымтайлары мен сұраныстарын мықтап қаперге алдым. Адал және сапалы қызмет етсең, ісің өрге жүзетіні даусыз. Сан соқпас үшін асқан жауапкершілік пен мұқияттылық талап етіледі. Жаныма жақын мамандықты кәсіпке айналдырсам да, мен үшін көпшіліктің алғысына бөлену аса маңызды. Бұл менің бойыды жадыратып, қуаныш сезімін ұялатады, - деп өзінің байыпты байламымен ақ халатты абзал жан бөлісті.

Кәсіпкерден гөрі өзін дәрігер сезінетін Асылбек Әлібеков үнемі шеберлігін шыңдауға баса назар аударады. Өз ісінің хас шебері қалалық ауруханалардың бірінде де тер төгеді. Ол үшін қолға алған кез келген істі соңына дейін жеткізу әдеті өмірлік ұстанымға айналған. асқан жауапкершіліктің белгісі.



Назад