Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

«Даму-Көмек» аяққа тұруға қолғабыс етеді


«Даму-көмек» бағдарламасы тағдырдың тауқыметін тартқан жандарға үміт отын сыйлайды. 2011 жылы қолға алынған ізгі бастаманың арқасында талай қазақстандық қолдаудың шапағатына бөленді. Олар сүйікті істерімен айналысып, тұрақты табыс көзіне кенелуде. Жомарт жандардың жанашырлығы арқасында бірі шаруасын дөңгелетсе, екіншілері кәсібін кеңейтті. Бағдарламаның шарапатын сезінген еліміздің барлық өңірлеріндегі мүмкіндігі шектеулі жандар сезінді.
«Талаптың тоқпағы тасқа шеге қағады». Аталы сөздің өміршеңдігін Қуандық Иманғазиев нақты ісімен дәлелдеді. ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан шағын кәсібін ашып, адал еңбегімен табысқа кенелуде. Атырау облысы Исатай ауданы Ақтау ауылының тұрғыны соны құрылғылардың тілін бес саусақтай біледі. 36 жастағы жігіт тұрғын үйдің бір бөлмесіне компьютерді, сканер мен ксерокөшірмені орнатқан. Оған күніне 5-6 адам жүгінеді.
- «Даму» Қорының мамандары ауылымызға келіп, қолға алынған бағдарламалар мен ұсынылған мүмкіндіктер жайлы түсіндірді. Олардың аясы өте кең. Ынтасы бар адамдарға армандаған кәсібін ашуға қолғабыс етіледі. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созылатыны көңілге медеу. Мемлекеттік қолдаудың арқасында біз аяққа нық тұрып, нақты іспен айналысамыз. Қол қусырмай, өзгелермен тең дәрежеде дамуға және жетілуге талпынған дұрыс. Табысты  кәсіпкерлерге бой түзеп, олардан тәлім алуға тырысамын. Қолымнан іс келетінін әуелі өзіме дәлелдегім келеді. Он екі мүшең сау болмаса да, күш-қайратыңды жұмылдырған абзал. Үш ұлдың әкесі ретінде балаларыма үлгі-өнеге болғым келеді, - деп өзінің пікірімен Қуандық Иманғазиев бөлісті.
Ауылдастары көбіне қағаз шығаруға, құжаттар мен куәліктердің көшірмесін жасайды. Олардың арасында мұғалімдердің саны басым. Ұстаздар қауымы көбіне сабаққа арналған слайдтарды жасауға қолқа салады. Бұл компьютерлік бағдарламалардың бүге-шігесін білуді талап етеді. Оның түйсінген отбасының тірегі заманауи техниканың тілік жетік меңгеруге кіріскен. Оған көршілерімен қатар өзінің ұлдары да көмектеседі.
-    Ақпараттық дәуірде қолданысқа енген технологиялар мен бағдарламалар көп. Олар көзді ашып-жұмғанша жаңарып, адамның жұмысын жеңілдетуге септігін тигізеді. Өмір бойы білуге және үйренуге талпыну өсуге жетелейді, - деп өзінің пікірін жігерлі жігіт түйіндеді.
Оның діттеген армандары мен межелеген жоспарлары көп. Әуелі балаларын қанаттандырып, оларға сүйеніш болатын кәсіпті дамытуға ұмтылады.


Назад