Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

«Жұлдыздарға қара» ізгілікке жетелейді


Жол-көлік апатынан есту қабілетінен айрылған Мөлдір Мұханбетова тағдырдың жазуына налымайды. Жігерін жасытпаған жан қол қусырудан гөрі кәсіпкерлікте бағын сынауға кірісті. Атырау облысы Исатай ауданының тұрғыны ауылдастарына құжаттардың көшірмесін жасау қызметін ұсынуды ұйғарды. Оның көкейіндегі арманына «Жұлдыздарға қара» қайырымдылық жобасы жан бітірді. «Даму» Қорының атсалысуымен қолға алынған игі бастама мүмкіндігі шектеулі жандарға сүйікті іспен айналысып, жеке кәсіп ашуға мүмкіндік береді.
-    Ауыл тұрғындарының дені мемлекеттік қолдау тетіктері жайлы құлағдар емес. «Даму» Қорының өкілдері бізді мәдениет үйінде жинап, оның бүге-шігесін кеңінен түсіндірді. Ұсынылған мүмкіндікті қалт жібермеу – әрқайсымыздың таңдауына байланысты. Мен одан қапы қалмауды жөн санадым.  «Даму» Қорының мамандары жобаны түзуге қол ұшын созды. 2015 жылы байқауда айым оңынан туып, қайтарымсыз гранттың иегері атандым. Маған құжаттардың көшірмесін жасауға арналған 300 мың теңгенің көп функционалды құрылғысы сатып алынды, - деп өзінің кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдары жайлы Мөлдір Мұханбетова сыр шертті.
Бүгінде 6 баланың аяулы анасы үйдегі және түздегі шаруаны ұршықтай иіріп отыр. Ауыл тұрғындарына құжаттардың көшірмесі қажет болса, жігерлі кәсіпкердің қызметіне жүгінеді. Мөлдір сұранысты ескеріп, заманауи техниканың тілін бес саусақтай меңгерген. Оның ісі құжаттарды басып шығару және көшірмені жасаумен шектелмейді. Нәзік жан компьютерлік бағдарламалардың да қыр-сырына жете қаныққан. Қолға алған ісіне мұқият әрі жауапты көп балалы ана көпшіліктің сенім үдесінен шығуға тырысады.
-    Бағаның өзіме де, ауылдастарыма да тиімді болуына баса назар аударамын.  Қағаздың бір бетін шығару құны – 20 теңге, ал түрлі куәліктердің көшірмесі үшін 50 теңге төлеу қажет. Ұстаздар қауымы маған слайд жасауға жүгінеді. Қыс кезінде көбіне үйде жұмыс жүргізіледі, ал жазда орынды жалға алуға тырысамын. Маңдай теріміз бен адал еңбегіміздің арқасында нәпақаға кенеліп, отбасымызды асырап отырмыз. Маған жұбайым көп көмектеседі. Себебі ең кіші балам 6 айға ғана толды, - дейді көп балалы ана.
«Күшіңе сенбе, ісіңе сен» – нәзік жанның басты ұстанымы.  Енді атыраулық Мөлдір Мұханбетова кәсібінің аясын кеңейтуді армандайды. Ол үшін қосымша құрылғылар қажет. Бүгінде ауыл тұрғындарының құжаттарды ламинаттауға және түптеуге сұранысы артқан.  


Назад