Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

«Бизнес-Кеңесші» білім көкжиегін кеңейтеді


Табыс кілтін табу үшін білім мен біліктілікті үнемі жетілдіру қажет. Оған Виталий Пан шүбә келтірмейді. Орда бұзар жастағы Алматы қаласының тұрғыны «журналистика» мамандығының қыр-сырын меңгерген. Бірақ жігерлі жанның бүйрегі кәсіпкерлікке бұрған. Виталий ойға салынбай, оның  әліппесін игеруге кірісті. Білім көкжиегін кеңейтуге «Даму» Қоры септігін тигізді.
-    Кәсіпкерлік бойынша білімнің тапшылығын сезіндім. 2 мәрте «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша оқып, жобаны түзуді және жүзеге асырудың жолдарын зерделедім. Теориямен қаруланып, тәуекелге бел будым.  Әуелі ерлердің киімдерін саттым, кейін туризмде бағымды сынадым. Тосқауылдар мен қиындықтар адамды шыңдай түседі. Әрбір істі соңына дейін жеткізуді, алға қойылған мақсат-міндетті бағындыруды үйрендім. Түрлі салада қарым-қабілетімді тексеріп, қоғамдық тамақтану орындары жаныма жақын екендігін түйсіндім. Бұл асқан жауапкершілікті талап ететіні айдан анық, - деп өзі жайлы Виталий Пан сыр шертті.
Алматы шаһарында қоғамдық тамақтандыру орындары самсап тұр. Олардың арасында бәсекелестік те күшейгені түсінікті. Сұранысқа ие болу үшін қызмет көрсетудің сапасына баса мән беру қажет.  Мұны Виталий мықтап қаперіне түйіп алған. Биылғы ақпан айында дәмхана-караокенің есігі айқара ашылды. Келушілер үшін көбіне кәріс асханасының тағамдары ұсынылады. Таңдау аясы кең. Мәзірде 200-ге жуық тамақтың түрі қарастырылған. Оларды дайындау жауапкершілігі 3 аспазға артылған. Жалпы дәмханада 10 адам қызмет етеді.
-    Айналамызда өзге қоғамдық тамақтану орындары өте көп. Олардан ерекшеленіп, келушілердің көңілінен шығуға тырысамыз. Дәмі тіл үйіретін тағамға, дәмханамыздағы тазалық пен әсемдікке баса назар аударылады. «Сапа, тазалық және шапшаңдық» - біздің басты ұстанымымыз. Заман талаптарына сай тамақты жеткізу қызметі де қарастырылған. Тапсырыс берушілер аз емес. Десек те оларға қарағанда бізге келушілердің саны басым, - деп дәмхананың ерекшелігіне алматылық кәсіпкер тоқталды.
Әзірге Виталий дәмхана орналасқан нысанды жалға алған. Көрпесіне қарай көсілген кәсіпкер өзінің жеке ғимаратын салуды жоспарлап отыр.
-    Қолға алған кәсібімді дамытып, басқа салада да өзімді сынағым келеді. Бұл ретте мемлекеттің қолдауы және ұсынылған мүмкіндіктер аясы кең. Тек ынта мен талап қажет. Бойкүйездікке және еріншектікке салынбай, жеке кәсібін ашуға ниет білдіргендер үшін жағдай жасалған, - деп өз ойын түйіндеді Виталий Пан.


Назад