Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Жентті табыс көзіне айналдырған ауыл тұрғыны


«Еңбек етсең еленерсің, оның жемісіне кенелерсің». Қалима Жұматай өмірлік қағидасынан еш таймайды. Тапқан-таянғаны – тынымсыз төгілген тердің жемісі. Ауылда түтін түтететін нәзік жан бүгінде наубайхананың жұмысын дөңгелетіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде. Оның қолынан шыққан нан мен женттің дәмі тіл үйіреді. Табиғи және сапалы өнімге сұраныс арта арта түсті. Табысты іске алғашқы жолдаманы «Даму» Қоры ұсынды. Қызылордалық Қалима Жұматай кәсіпкерліктің әліппесін арнайы оқыту курсында меңгерді. Қор мамандары бизнес жоспарды түзуге қолғабыс еткен. Оның арқасында ауыл тұрғынының қолға бағы жанып, 2016 жылы 700 мың теңге көлеміндегі гранттың иегері атанды.
- Шиелі ауданының Ортақшыл ауылы тарысымен көпшілікке белгілі. Тұрғындар жерден ризығын тауып, оның арқасында күнелтуде. Мен де жылда егістікте тер төгемін. Тарының өсірудің қыр-сырын меңгеріп, оны кәсіпке айналдыруды шештім. Бұған дейін қап-қап тарыдан талқан өңдеу үшін аудан орталығына жол салуға  мәжбүр едім. Шалғайға ат арылтып, дақылды тасымалдау әлекке салады. «Даму» Қорының қайтарымсыз гранты теңдессіз мүмкіндікті сыйлады. Тарыны тартатын электр диірменді және қажетті құрал-жабдықтарды орнатылды. Енді жентті дайындау үшін өзгелерге алақан жаймаймын. Барлық шаруа ауылдың төңірегінде жүзеге асырылады. Электр қуатының тапшылығы сезілгендіктен, ПРООН арқылы қосымша қуаттылық үшін қаржы алдық. Оған да «Даму» Қоры қол ұшын созды, - деп өзінің кәсібі жайлы 54 жастағы  Қалима Жұматай сыр шертті.
Жентті дайындаудың машақаты көп. Ұлттық тағам дастарханның сәнін келтіру үшін жұмсалатын қол еңбегі көп. Оның өзі бірнеше кезеңнен тұрады: қайнату, кептіру, қуыру, диірменнен тарту. Қалима апамыз қазан-ошақтың айналасында бір күн бойы тер төгеді. Әуелі тары бұқтырылып пісіріледі. Оны араластырған кезде дәннің қабықтарын алып тастау қажет. Дақылды қайнату да мұқияттылықты талап етеді. Оның уақыты шектен асып кетсе, онда дайын өнімнің дәмді болуы екіталай.  
-    Қайнаған тарыны кептіріп, қазанда қуырамын. Содан кейін диірменде тартып, тарыдан талқан алынады. Оған сары май қоссаң, дәмі ерекше болады. Женттің түр-түрін дайындаймын. Оған қантпен қатар мейіз, жаңғақ, бал, өрік қосылады. Ұлттық тағамның сапасына және табиғи ерекшелігіне баса назар аударамын. Дайын өнім «Сыр дәмі» белгісімен саудаға шығарылады. Бір қорапта женттің 20-21 данасы болады. Бағасы 400 теңге. Тұтынушылар үшін қолжетімді, - деп жентті дайындау құпиясымен Ортақшыл ауылының тұрғыны бөлісті.
Еңбекқор Қалима Жұматай жылда 1,5 гектар алқапқа тары егеді. Оны қолмен орсаң, женттің дәмі ерекше болады дейді кәсіпкер. Бүгінде қызылордалық нәзік жан жентті әзірлеумен қатар наубайхананың жұмысын оң жолға қойған. Ол күніне 80-90 бөлке нан пісіріп, дүкендермен қатар әлеуметтік маңызды нысандарды қамтамасыз етеді.


Назад