Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

«Бизнес-Кеңесші» кәсіпкерліктің әліппесін меңгертеді


Бүгінде жеке кәсіппен айналысып, оны дөңгелетіп алуға талпынатын жастар аз емес. Тек арагідік білім көкжиегінің таяздығынан, нысанасы дәл тәжірибенің жоқтығынан табысқа кенелудің өзі мұңға айналады. Бұл бағытта арнайы оқыту дәрістеріне артылатын жүктің салмағы ауыр. Олардың арасында «Даму» Қоры қолға алған «Бизнес-Кеңесші» жобасының өзіндік ойып алатын орны бар. Оның шеңберінде саланың майын ішкен, жілігін шаққан жандар тәжірибелерімен бөлісіп, білген-түйгендерін бүкпесіз жайып салады.

- Бүгін «білемін, үйренемін» деген жастар үшін мүмкіндіктер аясы кең. Тек қапы қалмау қажет. Университеттегі дәрістерден қолым қалт еткенде, қосымша білім алуды ұйғардым. Кәсіпкерліктің негіздерін «Даму» Қоры арқасында меңгердім. Мен 2016 жылы және биыл «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша оқу курстарына қатыстым. Іс бастауға ынталы тұрғындар үшін «Бизнес-Кеңесші» елеулі көмек. Оның арқасында жеке кәсіпті ашудың және оны дөңгелетудің талаптарына қанықтым. Бет бұрған кәсіпке қан жүгіртудің, қаржы көздерін тиімді кәдеге жаратудың сырлары ашылды. Сан соқпау үшін жобаның жоспарын айна-қатесін түзу жолдары түсіндірілді. Бүгінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тапсырыспен киім тігуді қолға алдым, - деп өзінің кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдары жайлы студент Әйгерім Әлібекова сыр шертті.

Жас болса да, бас бола білген студент. Павлодарлық Әйгерім Әлібекованың ынтасы мен талабы тәнті етеді. Өткен жылы жергілікті университеттің табалдырығын аттаған нәзік жан жарқын келешегі жолында қамдануға кіріскен. Қолы қалт еткенде, әлеуметтік желілерге үйір болмай, білім көкжиегін кеңейтеді. Тың ақпаратты түртіп алатын 1-ші курс студенті тігіншілікке ден қойған. Талапты жас матаның кез келген түрінен киім тігеді. Оның қолынан шыққан үлгілер оюлармен ерекшеленеді. Бір ай ішінде жас ісмер орташа алғанда 10 тапсырысты орындайды.

- Балалық шақта қуыршаққа киім тіктім. Есейген соң, өзіме ұнайтын көйлектер мен жейделерді пішуді үйрендім. Бүгінде ермегім кәсіпке айналды. Маңдай теріммен аз болса да қаржыға кенелемін. Әлеуметтік желі немесе таныстар арқылы мені іздейтіндер көп. Тігіншілік кәсіп оңай емес. Бірнеше сағат бойы тапжылмай тігін машинасында отыру – табандылықты және шыдамдылықты талап етеді. Бастапқыда қолға алған ісіме ата-анам күмәнмен қараса, бүгінде олар қолдау көрсетеді, - дейді жас кәсіпкер.

Белсенді жастың қағаздағы жоспарлары мен жобалары бір төбе. Келешекте ол тігін цехын ашуды армандайды. Әйгерім оған қол жеткізетініне шүбә келтірмейді. Себебі, бойында талпыныс мен сенімділік бар.



Назад