Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

«Даму-Көмек» талпыныс пен табысқа жетелейді


«Шебердің қолы алтын» демекші, Юлия Плискина бүгінде жерлестерінің алғысына бөленуде. 27 жастағы нәзік жан тоқыма өнерінің қыр-сырын жете меңгерген. Кестелеп тігілген, оюлап тоқылған күртелер, кеудешелер, шұлықтар, бас киімдер – Юлияның қолынан шыққан бұйымдардың бір парасы. Бояуы қанық киім-кешектер балалармен қатар ересектер үшін де тоқылады. Түрлі-түсті жіптерден тоқылған бұйымдар Зырян қаласы тұрғындарының көңілінен шығуда.

- 15 жасымда дертке шалдығып, арбаға таңылдым. І топтағы мүгедектік берілді. Бірақ оған қарамастан, өзімді дамытуға бел будым. Қолөнерге қызығушылығым оянды. 2006 жылы журналға жазылып, оның арқасында тоқуды үйрендім. Табандылық пен талпыныс өзінің жемісін берді. Әуелі қолымнан шыққан киімнің қызығын туған-туыстарым көрді. Кейін ермегім кәсіпке айналды. Мен қомақты кіріске кенелуді көздемеймін. Сүйікті ісім жанымды жадыратады. Ал халықтың алғысы мені жаңа жетістіктерге қамшылайды,- деп өзінің сүйікті ісі жайлы Юлия сыр шертті.

Нәзік жан кәсіпкерліктің әліппесін «Даму» қорының «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы арқасында меңгерген. Бірақ тоқуға қажетті түрлі-түсті жіптерді еншілеуге қалтадағы қаражат қат еді. Жігерін жасытпаған мүмкіндігі шектеулі жанға «Даму-Көмек» бағдарламасының шарапаты тиді. Юлияның алғашқы қадамдарына жеке кәсіпкер демеу көрсетіп, сапалы жіптер мен иірілген жүннің түр-түрін сыйға тартты.

- Бояуы қанық жіптерден көбіне балалар үшін киім-кешектер тоқыдым. Олар бірден сатылып кетті. Жеке тапсырыстар көбейді. Қыз балалардың көйлегін 3-4 күн жұмсаймын. Тоқумен көбіне кешкі уақытта айналысамын. Иірілген жүнмен қатар табиғи маталарды кеңінен қолданамын. Оның арасында зығырдан, мақтадан жасалғандары бар. Тігілген киімдердің сапасына баса назар аударамын. Маған жүгінетін тұрғындардың сенімін ақтау – басты ұстаным. Сондықтан тапсырыс берушімен жеке кездесіп, олардың қажеттілігін білуге тырысамын. Бүгінде қолөнер бұйымдары ерекше бағаланады. Оларға сұраныс көп, - деп өзінің пікірімен шығысқазақстандық нәзік жан бөлісті.

Юлия 2011 жылдан бері жеке кәсіпті дөңгелетуге бет бұрған. Оның төлтуындылары көздің жауын алады. Тұрақты клиенттердің ұсыныстары және әлеуметтік желілердегі тауардың жарнамасы арқасында жаңа сатып алушылар пайда болды. Қайталанбас киім-кешектердің ерекшелігін жергілікті тұрғындар да аңғарған. Табыс кілті – сенімділікте және жаныңа жақын істі дөп басып табуда. Оған тоқыма өнерінің хас шебері шүбә келтірмейді.



Назад