Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Гранттың игілігі


«Жан қиналмай жұмыс бітпес,талап қылмай мұратка жетпес». Аталы сөздің өміршеңдігіне Радмила Боранбаева көз жеткізген. Алматы облысының тұрғыны өзінің асқақ арманына берік. Қолөнермен айналысуды діттеген нәзік жан «Жұлдыздарға қара» жобалар байқауында бағын сынауды ұйғарған. «Даму» қорының атсалысуымен ұйымдастырылған бәйгеде талдықорғандық арудың бағы жанды. Радмила 300 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттың иегері атанды.

- Кәсіпкерлікке бет бұрған жандарды «Даму» қоры демеп, армандарына қанат бітіреді. Бірі қолға алған ісін кеңейтеді. Ал екіншілері шаруасын дөңгелетуге талпынады. Біз үшін мемлекеттік қолдау маңызды және қажетті. Онсыз ойдағы жоспарды жүзеге асыру екіталай. Өзім ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жанмын. Бірақ он екі мүшем сау болмаса да, мемлекетке алақан жаймаймын. Бәзбіреулерге масыл болудан ат тонымды ала қашамын. Байқауда бұйырған қаржы арқасында асқақ арманыма қолым жетті. Киім тоқитын заманауи машинаны сатып алдым. Оны меңгеруге кірістім. Себебі, мүмкіндіктері мен қосымша тетіктері өте көп, - деп өзінің кәсіпке айналған ермегі жайлы Радмила Шамильевна әңгімеледі.

Өздігінен білім алу –кез келген істің жетіске жету кілті. Сондықтан нәзік жан ғаламтордың мүмкіндігін кәдесіне жаратып, оқыту бейнероликтер мен тақырыптық мақалаларды мұқият зерттеуге кірісті. Тоқыма өнердің онлайн сабақтары көп күттірмей өзінің жемісін берді. Радмиланың алғашқы еңбектерін ұлы сынап көрген. Кеудеше, күрте, бас киім – оның бір парасы. «Жеті мәрте өлшеп, бір рет кесуді» қаперге алған талдықорғандық шебер кәсібін кеңейтуге бел буды. Жеке тапсырыстар бойынша жасқа да, жасамысқа да киім тоқиды. Өзіндік қолтаңбасы бар нәзік жан көпшіліктің сеніміне ие.

- Алғашқы сыншым – ұлым. Оның көңілінен шықты. Тек қолымнан шыққан киімдердің сапасына көз жеткізген соң, ермегімді кәсіпке айналдыруға тәуекел еттім, - деп сөзін сабақтады он саусағынан өнер тамған ісмер шебер. - Әрбір жұмыс тынымсыз және тыңғылықты еңбекті талап етеді. Маған иек артатын адамдардың ойын дөп басуға тырысамын. Өзара кеңесіп, қажетті киімнің үлгісін саламыз. Кеудешелер мен көйлектерді тоқуға 1-2 күн жұмсалады. Бүгінде қолөнер туындылары сәнге айналды. Оларға сұраныс көп. Кәсіпті аяққа нық тұрғызу үшін денсаулығымды нығайтуға кірістім. Тоқуды және емдеу-сауықтыру шараларын қатар алып жүрмін.

Ол бүгінгі жетістігіне тоқмейілсімейді. Жоспарлары бір төбе. Кәсіптің тынысын кеңейтіп, жеке тігін цехын ашуды армандайды. «Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс ұсынып, жергілікті тұрғындарды сапалы киіммен қамтамасыз ету арқылы бақытқа бөленемін», - дейді жігерлі Радмила.



Назад