Өзбекстандық инвесторлар ОҚО-да газ плиталарын жинақтау цехын іске қосты

Өзбекстандық инвесторлар ОҚО-да газ плиталарын жинақтау цехын іске қосты

Оңтүстік Қазақстан облысының «Бадам» индустириалды аймағында газ плиталарын жинақтау цехы іске қосылды.   ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев пен Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев жаңа кәсіпорынның жұмысымен танысты.  Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметі хабарлайды.

Жылына 50 мың дана газ плитасын құрастыруға  қауқарлы жобаның құны – 102 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта, қондырғыларды орнату жұмыстары аяқталып, кәсіпорын іске қосылған.

«Біз өз қаржымызға қондырғыларды сатып алып орнаттық. Мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Шығарылған өнімді ішкі нарыққа саудалауды жоспарлап отырмыз. Зауытта дайындалған газ плиталарының сапасы шетелдік өнімнен еш кем болмайды. Әрі бағасы да қазіргі нарықтағыдан төмен болады»,-  деді «Artel Manufacturing» ЖШС-нің директоры Рамзитдин Хикматов.

Жаңа кәсіпорынның жұмысын оң бағалаған облыс әкімі жергілікті билік тарапынан көрсетіліп отырған көмектердің тиімділігін атап өтті.

«Қазақстан мен Өзбекстанның байланысы жаңа деңгейге көтерілді. Күні кеше ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ташкентке ресми сапармен барып, бірқатар жаңа келісімдерге қол жеткізді. Көрші елдің үш облысымен өзара түсіністік меморандумдарына қол қойдық. Жылы қарым-қатынастың алғашқы жетістіктері де көріне бастады.  Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасына жаңа серпін беретін  индустриалды-инновациялық жобаларға қаржы салушы инвесторларды қашанда қолдауға әзірміз.  Ең бастысы – ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие, өнім өндіретін кәсіпорындардың қатарын көбейтуіміз керек. Бүгінгі біз аралап көрген жаңа кәсіпорынның өнімдеріне ішкі және сыртқы нарықтан да сұраныс мол болатынына сенімдімін» , - деді Жансейіт Түймебаев.

Дереккөз:
Қарап шыққандар саны:
9079
(Нет голосов)
Мәтінде қате табылған жағдайда, оны бөліп көрсетіңіз де «Ctrl + Enter» басыңыз
Оған қоса мыналарды да қараңыз

Ұқсас жаңалықтар табылмады.