Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

АЭА қатысу. Қалай тіркелуге болады


АЭА қатысу

АЭА-да қандай қызмет түрлерін жүзеге асыруға болады?

Заң АЭА аумағында қызметтің басым және қосалқы түрлерін атайды. Басым қызметтер түрі – арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына сәйкес келетін, арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын қызмет түрлері. Осы қызметтерді жүзеге асыратын компаниялдар АЭА қатысушылары болып саналады. қызметтің қосалқы түрлері - арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары болып табылмайтын тұлғалар соның аумағында жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының қызметін қамтамасыз ету үшін қажет қызмет түрлері.

Кім АЭА қатысушысы бола алады?

АЭА экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыруды жоспарлаған және АЭА аумағында салық төлеуші ретінде тіркелген заңды тұлға (шетелдіктерді қоса алғанда).

Кім АЭА қатысушысы бола алмайды ?

1) жер қойнауын пайдаланушылар;

2) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 279-бабының 6) тармақшасындакөзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, жинауды (жинақтауды) жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, акцизделетін тауарларды өндіретін ұйымдар;

3) арнайы салық режимдерін қолданатын ұйымдар;

4) инвестициялық салықтық преференцияларды қолданған ұйымдар;

5) ойын бизнесін ұйымдастырушылар жатпайды.


Заңды тұлғаның АЭА қатысушысы ретінде тіркелу тәртібі

(«АЭА туралы» Заңда реттемеленген)

АЭА қатысушысы ретінде тіркелу өтініміне қойылатын талаптар

Өтінім беруші АЭА қатысушы мәртебесін алу үшін сәйкес Басқарушы компанияға өтінім тапсырады. Өтінімге келесілер қосымша тіркеледі:

1) уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша өтініш берушінің сауалнамасы;

2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесі (шетелде мемлекеттік тіркеу туралы заңдастырылған құжат);

3) өтініш берушінің бірінші басшысының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;

4) 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін - салық төлеуші куәлігінің нотариат куәландырған көшірмесі немесе 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап - сәйкестендіру нөмірі бар құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;

5) заңды тұлға жарғысының нотариат куәландырған көшірмесі;

6) заңды тұлғаның жоғары органының арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шешімінің нотариат куәландырған көшірмесі;

7) өтініш берушінің бірінші басшысы немесе оның орнындағы адам, сондай-ақ бас бухгалтер (бухгалтер) қол қойған соңғы есептік күнге қаржылық есептіліктің көшірмесі;

8) жобаның уәкілетті орган белгілеген талаптарға сай келетін техникалық-экономикалық негіздемесі;

9) қызмет көрсететін банктің өтініш берушінің банктік шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы (картотеканың болмауы туралы) үзінді жазбасы және кредиттiк тарихта бар толық немесе iшiнара ақпарат туралы мәліметтер қамтылған кредиттік бюродан алынатын кредиттік есеп;

10) тіркеу есебіне қою орны бойынша салық қызметі органынан салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегінің болуы немесе болмауы туралы анықтама.

11) Егер заңды тұлға құжаттарды берген кезде Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген жағдайда, Қазақстан Республикасының салық қызметі органдарында салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеуде жоқ екендігі туралы анықтаманың көшірмесі ұсынылады.

Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға берілгенөтінімді қарау рәсімі

Өтініш беруші өтінім берген кезде арнайы экономикалық аймақтың басқару органы:

1) өтінімді ол берілген күні өтінімдерді тіркеу журналына тіркейді;

2) ұсынылған құжаттар топтамасының толықтығын тексереді;

3) берілген құжаттар белгіленген тізбеге сәйкес келмеген жағдайда өтінімді ол берілген күні қарамастан қайтарады.

Өтінімді қайтару өтініш берушіні жіберілген кемшіліктерді жойғаннан кейін қайтадан өтінім бере отырып, басқару органына жүгіну құқығынан айырмайды.

Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы мәлімделген қызмет түрі басым қызмет түрлеріне сәйкес келмеген жағдайда, өтініш берушімен арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудан бас тартады.

Мәлімделген қызмет түрі басым қызмет түрлеріне сәйкес келген жағдайда арнайы экономикалық аймақтың басқару органы он жұмыс күні ішінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасады. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарттың көшірмесін қоса бере отырып, бұл туралы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне хабарлайды. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде бұл туралы салық қызметі органдарына және кеден органдарына хабарлайды.