Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Франчайзингтің құқықтық аспектілері


Франчайзинг туралы арнайы заң мемлекеттердің бәрінде кездеспейді, тіпті, арнайы заңның болуы франчайзингтің дамуына кедергі келтіреді-міс деген пікір де бар.

Әрине, франчайзинг заңдық реттеуді қажет етеді, өйткені, франчайзинг мәні бойынша зияткерлік меншік құқығын пайдалануды басқа тұлғаға беру жөніндегі келісім, сондықтанда заңды құжат-шартпен негізделуі қажет. Егерде, зияткерлік меншік нысанын беру үрдісін реттейтін нормативті құжат болмаған жағдайда, негізгі құжат-франчайзингтік шартты заңды түрде бекіту өте қиын.

Сондықтанда, франчайзингтік қатынаста қолданылатын негізгі түсініктер нормативті актілерде нақты көрсетілуі қажет.

Көптеген елдерде, франчайзингтік қатынасты реттеу бәсекелестік, кәсіпкерлік немесе зияткерлік меншікті қорғау туралы заңдар (Чили, Үндістан, Швеция және т.б.) немесе Азаматтық кодекс (Ресей, Польша, Португалия және т.б.) шеңберінде жүзеге асады.

2002 жылға дейін Қазақстанда да франчайзингтік нормалар аталған нормативтік-құқықтық актімен реттелді. Франчайзингті мемлекеттік қолдау туралы шаралар, әдетте, мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларында жазылды. Франчайзинг туралы Заң қолданысқа енбей тұрған кезеңде, Қазақстанда франчайзинг белсенділік көп байқалмады. Сондықтанда, ҚР Азаматтық кодекстің 45-тарауы және мемлекеттік бағдарламалардың негізгі тармақтары франчайзингтік қатынасты реттеу үшін жеткілікті болды.

Франчайзингті дамыту жөніндегі шаралар 1999-2000 жж. арналған шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мемлекеттік бағдарламасының 2.4.1 тармағында қарастырылған. Бірақ, бұл бағдарлама франчайзингтік мәселелерді толық реттемейді, онда басты назарды лизингтік қатынасты реттеуге аударған. Өйткені, 90-шы жылдардың аяғы мен 2000 жылдың басында франчайзингтің таралу деңгейіне қарағанда, лизингтік айналым мен оны қолдану тәжірибесі анағұрлым артық болды. Жоғарыда аталған бағдарламаның 2.4.1 тармағы франчайзингтің негізгі түсінігін ашып қана қоймай, франчайзингтік қатынастардың дамуына жалпы сипаттама береді. Мемлекеттік бағдарламаның жағымды жағы - Қазақстанда франчайзингтің көпшілікке танымал болуының жалпы бағытын қалыптастырды. Мемлекеттік бағдарлама франчайзингтік шарттық қатынастарды реттемейді, тек франчайзингтік заңды кеңестіктің қалыптасуының негізін қалады.

1999 жылы 1 шілдеде ҚР Азаматтық кодексінің Ерекше бөлімі заңдық күшке еніп, ең алғаш 45-тарауда «Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг)» атты заңды термин енгізілді. Бұл тарауда франчайзинг шартты құқықтық рәсімдеу және франчайзинг шарт нысандарының тізімі, тараптардың негізгі құқықтары мен міндеттері жазылды.

ҚР АҚ-тың 902-бабында «Кешенді кәсіпкерлік сублицензия» ұғымына сипаттама берілді. Бұл бөлімде лицензиаттың (франчайзи) басқа тұлғаға сублицензия (субфраншиза) беру мүмкіндігі жазылғанымен, мастер франшиза және субфраншиза (бұл ұғымдар әлем тәжірибесінде кең таралған) ұғымдарына сипаттама бермеген.

Дегенмен, ҚР АҚ-нің 45-тармағында франчайзингке заңды мәртебе беріліп, құқықтық алаң қалыптастырды.

ҚР АҚ-нің 45-тармағының негізгі ережелері, франчайзингтік қатынасты нақты реттейтін нормалар «Кешендi кәсiпкерлiк лицензия (франчайзинг) туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 24 маусымдағы N 330-ІІ Заңына кіргізілді.

Қазақстан франчайзингтің заңды анықтамасы жөнінде жеке заң қабылдаған ТМД елдері ішіндегі алғашқы мемлекет екенін атап кеткен жөн.

Бүгінгі таңда франчайзинг туралы заң франчайзингтік шарттық қатынастарды реттейтін негізгі нормативтік-құқықтық акт болып табылады.

Заңның 4-тараудың, 4-ші және 5-ші баптарында франчайзингтiк қатынастарды мемлекеттiк қолдаудың негізгі қағидалары мен мемлекеттiк қолдау шаралары анықталған. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың нысаны және инвестиция негізінде қолдау көрінеді.

Заңның 5-бабының 3-тармағында франчайзингтiк қатынастар субъектiлерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жеңiлдiктер мен кепiлдiктер беру қарастырылған, алайда мұндай жеңілдіктер түрлері мен нысандары туралы нақты анықтама берілмеген. Франчайзингте, кәсіпкерліктің жеке бір түрі ретінде арнайы салық және өзге де жеңілдіктер қарастырылмаған.

Зияткерлік меншік франчайзингтік шарт бойынша ұсыну пәні болып табылады, франчайзерге зияткерлік меншік құқығын Әділет Министрлігі зияткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетінің Ұлттық Зияткерлік меншік институтында тіркелуіне көп көңіл аударуы қажет. Өйткені, заң бойынша лицензиардың тіркелген кешенді ерекше құқығы мемлекеттік қорғауда болады. Бірақ, тіркелмеген зияткерлік меншік нысанына қатысты, франчайзинг туралы заң осындай зияткерлік меншік нысанына құқық беруді және оларды тіркеу тараптардың келісімімен жүзеге асыруды қарастырады.

Заңның 20-бабында кешендi кәсiпкерлiк лицензияның (франчайзингтiң) негiзгi түрлерi көрсетілген: конверсиялық, көп кешендi, өндiрiстiк, тауарлық, бұлар франчайзингтік қатынасты қалыптастыру тұжырымын анықтау барысында қажет.

Заң, негізінен, сектордағы мәмілелерді құқықпен рәсімделу қажеттілігін қанағаттандырады. Бірақ, заңның әрекет етуі, егерде арнайы жеңілдіктер мен кепілдіктер қарастырылмаса, елдегі франчайзингтік қатынастардың дамуына әсер етуі шамалы.

Қазіргі кездегі жағдаяттарға сәйкес франчайзинг туралы заңға өзгерістер мен толықтыру енгізу және бұл үдеріске франчайзингтік сектордың өкілдері франчайзер, франчайзи және франчайзингтік сараптамашыларды мейлінше енгізу қажеттіліктері туындап отыр.

Әрбір жыл сайын әлемдік экономика жаһандануда, заманауи франчайзинг бизнестің халықаралық түрі болғандықтан, франчайзинг туралы заңдарды тұрақты түрде біріздендіріп, жетілдіріп отыру мәселесі төтесінен тұр.

Мысалы: Қазақстандағы франчайзингтің 90%-ы халықаралық мәртебеге ие (Баскин Роббинс франчайзингтік жүйесінің қатысушысы үш елдің өкілдерінен тұрады: АҚШ (франчайзер), Ресей (франчайзи), Қазақстан (субфранчайзи). Әлемдегі франчайзингтік шарттардың жартысынан көбі халықаралық болып табылады. Әр елдің франчайзинг туралы заңдары бір-бірімен қайшы келмеуі үшін, халықаралық институттар франчайзингтік қатынастарды реттейтін заңдар мен шарттарды жасауда арнайы ұсыныстар дайындайды. Мысалы, УНИДРУА халықаралық мастер франшиза шарттарын жасауға арналған нұсқау дайындады (Guide to International Master Franchise Arrangements,1998) және франшизаға қатысты ақпаратты жариялау туралы моделдік заң (Model Franchise Disclosure Law, 2002) жасады.

Халықаралық және ұлттық ассоциацияларымен франчайзингтік қатынастың негізгі құжаты – Франчайзингтің ар-намыс кодексі қабылданды. Бұл заңдық мәртебесі бар құжаты емес, сондықтанда мемлекеттік болып табылмайды. Бірақ, ар-намыс кодексі өте қажетті нормативтік құжат, франчайзинг нарығының қатысушылары үшін ойынның ар-намыс ережелерін бекітуге мүмкіндік береді. Кодексте франчайзерлер және франчайзилер үшін нормалар мен міндеттер, франшиза туралы ақпаратты жариялау тәртібі қарастырылған. Қазақстанда халықаралық ар-намыс кодексі жоқ, бірақ үлгі ретінде халықаралық ар-намыс кодексін пайдалануға болады.

Жоғарыда айтылғандай, франчайзинг кәсіпкерліктің бөлігі болып табылатындықтан, кәсіпкерлікті қолдау туралы мемлекеттік бағдарламалармен және кәсіпкерлік туралы заңнама актлерімен реттеледі. Кәсіпкерлікті қолдау туралы мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес кәсіпкерлікке қандай қолдау жасалса, кәсіпкерлік (шағын және орта кәсіпкерлік) аясында франчайзинг мемлекеттен дәл сондай қолдауға ие бола алады. «Жеке кәсiпкерлiк туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы N 124 Заңына сәйкес, кәсіпкерлікті қолдаудың бірнеше шаралары қарастырылған. Заңның 4 тармағына сәйкес, кәсіпкерлікті қолдау мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

• жеке кәсiпкерлiктi реттеу мәселелерi жөнiндегi заңнаманы жетiлдiру;

• жеке кәсiпкерлiктi қолдау орталықтарын, бизнес-инкубаторларды, технологиялық парктердi, индустриялық аймақтарды және жеке кәсiпкерлiк инфрақұрылымының басқа да нысандарын құру және дамыту;

• бюджет қаражаты есебiнен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн оқу-әдiстемелік, ғылыми-әдiстемелiк және ақпараттық қамтамасыз ету;

• орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанынан сараптамашылық кеңестердiң қызметiн ұйымдастыру;

• жеке кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың қаржы институттарын құру;

• бизнес-инкубаторлардың және индустриялық аймақтардың қызметiн ұйымдастыру;

• шағын кәсiпкерлiктi дамытудың мемлекеттiк, салалық (секторлық) және өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеу;

• шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту үшiн инвестицияларды, оның iшiнде шетелдiк инвестицияларды тарту мен пайдалану жүйесiн жасау;

• жұмыс iстеп тұрған оқу және зерттеу орталықтарын, консалтингтiк ұйымдар мен шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың ақпараттық жүйелерiн дамыту және жаңаларын құру жолымен кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыру;

• жеке кәсiпкерлiктi дамыту үшiн экономикалық және ұйымдық жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында индустриялық аймақтар құру.

Көріп отырғандай, аталған заңды қолдана отырып, кәсіпкерлік қызмет Үкіметтің орасан зор қолдауына ие болады. Кәсіпкерлік туралы заң франчайзингті жеке дара қарастырмайды, осы жағдайда франчайзингке жеңілдіктер мен пұрсаттылықтар беру туралы айту қиын. Кәсіпкерлікке арналған бағдарламаларда көрсетілген жеңілдіктер шеңберінде франчайзинг пұрсаттылықтар алуы мүмкін. Дегенменен, «сапалы кәсіпкерлік» деңгейінің өсуіне үлкен әсер ететін франчайзинг үшін жеке пұрсаттылықтар беру талаптарын қарастырған артық емес.