Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Негіздері. Жалпы ұғымдар


Заңға сәйкес франчайзинг анықтамасы келесі мағынада айтылады:

Кешендi кәсiпкерлiк лицензия (франчайзинг) - кәсiпкерлiк қызметтiң айрықша құқық кешенiнiң құқық иеленушiсi, оны басқа адамға өтемдік негізде пайдалануға беретiн кездегi нысаны.

Өтемдік негіз – бұл ереже бойынша, роялти және паушалды жарна, заңда анық жазылмағанымен, франчайзингтік төлем тәжірибесінде кеңінен танымал.

Франчайзер, ол Заңға сәйкес кешендi лицензиар - кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты бойынша тарап, айрықша құқықтар кешенiн кешендi лицензиатқа өтемдi негiзде пайдалануға беретiн айрықша құқықтар кешенiнiң (лицензиялық кешеннiң) құқық иеленушiсi.

Франчайзи сәйкесінше, бұл, кешендi лицензиат - кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты бойынша тарап, лицензиардың айрықша құқықтар кешенiн кәсiпкерлiк қызмет пайдаланатын, осы кешеннiң құқық пайдаланушысы.

Айрықша құқық кешенi – бiрқатар санаткерлiк меншiк нысандарына (тауар таңбасына, фирмалық атауға, қызмет көрсету белгісіне, патентке, ашылмаған ақпаратқа, оның iшiнде өндiрiс құпияларына (ноу-хауға) құқықтар. Бұл анықтама франшизаның халықаралық ұғымына жақын болуы мүмкін.

Алайда, Қазақстандық іскерлік лексикада көбіне франчайзингтің халықаралық ұғымын қолдану кең тәжірибе алған.

Экономика мен бизнестің дамуына байланысты кәсіпкерлік қатынас түрлерімен қатар, франчайзингте өзгеріп отырады. Франчайзингтік кәсіпорындардың жаңа нысандары пайда болды. Бірақ, заманауи франчайзингтік үлгілерінің негізін қалаушы, классикалық формат өзгеріссіз қалады, олар - дистрибьюттік франчайзинг (оны кейде дәстүрлік деп атайды) және бизнес форматты франчайзинг (немесе іскерлік франчайзинг) деп екіге бөлінеді.

Бизнес форматтағы франчайзинг.

Аталған формат, әлемде франчайзингтың кең таралған форматы болып табылады, дүние жүзіндегі франчайзингтік қатынастың 70%-тан астамын осы бизнес форматы құрайды. Іскерлік франчайзинг - мәні бойынша, франчайзингтің академиялық нысаны, өйткені тұтас кәсіпкерлік қатынас үрдісін мейлінше толық бейнелейді. Сонымен қатар, оны екінші буын франчайзингі деп те атайды, өйткені бұл формат жиырмасыншы ғасырдың 50-жылдарында АҚШ-та, франчайзингтің алғашқы форматы болып табылатын сауда форматынан біршама кейін пайда болған. Іскерлік форматтың франчайзингтік пакеті (глосарийды қараңыз) ауқымды және көптеген құралдардардан тұрады. Сауда және қызмет көрсету таңбаларынан басқа, франчайзер бизнесінің түпнұсқалық үлгісін толық көшірмелеуге көмектесетін құжаттардан тұрады. Бизнес жоспар, маркетингтік жоспарды пайдалану жөніндегі нұсқаулық, ғимараттар интерьерінің белгілі бір шамалары, дизайны және қызметшілерінің униформалары, гаммалық түстері, эргономика және т.б. бизнес үлгісін дұрыс көшірмелеуге көмектеседі. Мұны франчайзер мен франчайзи бизнестерін жүргізудің сыртқы нысандарының және технологияларының толық сәйкестендіру саясаты талап етеді. Шын мәнінде, франчайзер өз бизнесінің қалыптасқан үлгісін франчайзиге береді. Бизнес форматта франчайзер мен франчайзидың барлық нүктелері ұқсас форматта жұмыс жасайды. Әдетте, тұтынушы франчайзер нүктесін франчайзи нүктесінен айыра алмайды, өйткені, іскерлік форматта желінің барлық нүктелері бір-бірінің толық көшірмесі болып табылады (бұл жерде бизнес үлгілерінің сәйкестілігі туралы айтылып отыр, сырттай, франчайзер нүктелерінде болымшы ғана айырмашылығы болуы мүмкін).

Іскерлік форматтың ең табысты мысалы ретінде Макдональдсты (McDonald”s) айтуға болады, өйткені оны франчайзингтің іскерлік нысанының пайда болуымен байланыстырады. Әлемде, Макдональдстың франчайзингтік нүктелерінің бастапқы түпнұсқасымен сәйкестігі болып табылады, себебі мұны желі саясаты талап етеді.

Іскерлік формат – экономиканың біраз секторларын қамтитын келешегі бар франчайзингтың аса бір ұсынылған түрі. Секторда кең тараған сектор болып фаст-фуд, флагмандары болып Баскин Роббинс, КФС, Пицца Хат, Бургер Кинг және т.б. табылады. Бизнестің өзге де секторларына да, атап айтсақ, бөлшектік сату, қонақүй және көлік салаларында, қызмет көрсету бизнесінде, тренинг жүргізуде және т.б. іскерлік формат кең таралған.

Іскерлік форматтың мысалы ретінде, тәжірибелік психологияның танымал авторы Дейл Карнегидың тренингтік орталығын айтып көрелік. Әлемдегі миллиондаған оқырмандардың жүрегін жаулап алған Дейл Карнегидың атақты бестселлерлары «Достарды жаулап алу және адамдарға ықпал жасау жолдары», «Көпшілік алдына шығып өзіңе сенім ұялату және адамдарға ықпал жасау», «Мазасызданудан арылып, өмір сүруді бастау», әсіресе, КСРО-ның соңғы дәуірінде өте танымал болды. Оның әдістемесінің ұғымдылығы және қарапайымдылығы көптеген тренинг авторларының дербес дамуына серпін берді. Шын мәнісінде, Карнеги танымал психологияның негізін салушысы болды. Дейл Карнеги есімі жалпыға танымал брендке айнала отырып, Dale Carnegie Training R тауар таңбасы ретінде тіркелді. 1912 жылы Дейл Карнеги «Дейл Карнеги тренинг орталығының» негізін қалады. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында, ол елдерге франчайзингтік лицензиясын сата бастады. Аталған орталық елуінші жылдары халықаралық деңгейге шығып, Еуропа және Азия елдеріне таралды. Содан бері, компания, әлемдегі 70-ке тарта елге таралған, халықаралық үлкен желіге айналды. Карнеги орталығы - франчайзинг бизнес форматының мысалы, өйткені ол тәуелсіз кәсіпкерлерге Дейл Карнегидың тренингтік орталығының сауда маркасы мен оқыту технологиясын толықтай көшіріп алуға мүмкіндік береді.

Іскерлік формат Қазақстанның мына салаларында қанат жая бастады. Оның ішінде, іскерлік форматтағы кең ұсынылып отырған салалардың қатарын атауға болады: қонақ үй, туризм, мейрамханалар мен кафелер, жылжымайтын мүлік агенттіктері және т.б.

Дестрибьютті немесе сауда франчайзингі. 

Дестрибьютті (сауда) франчайзинг іскерлік франчайзингтен бұрын пайда болғандықтан, оны әлі күнге дейін дәстүрлі деп атайды. 19-ғасырдың өзінде, сауда франчайзингінің заманауи үлгісін қолданған алғашқы заңды тұлғалар пайда болды.

Сауда франчайзингтік форматта, көбінесе, франчайзер тауардың таратылуына немесе дестрибьюциялануына көңіл аударады. Мұндай жағдайда, франчайзи франчайзер компаниясының бизнес үлгісін толығымен көшіріп алуы міндетті емес, тек дестрибьюциялық және сервистік жүйесін алса болды. Франчайзер франчайзингтік пакет ретінде сауда таңбасын, фирмалық тауарды сату және сервистік қызмет көрсету құқығын, брендпен сәйкестендірілген тауарды береді. Сонымен қатар, бренд-букты, пайдалану жөніндегі нұсқаулықты, тауар өндіру жөніндегі жоспарды, мерчендайзинг жөніндегі нұсқаулықты, тауарды сату жөніндегі тренингтерді және т.б. беруі мүмкін.

Сауда форматының бизнес форматынан ерекшеліктері мынадай:

· Франчази франчайзер компаниясының үлгісін толық көшіруі міндетті емес;

· Көптеген жағдайларда, франчайзи франчайзер өндіретін тауарды өндіре алмайды;

· Франчайзингтік қатынас сауда дилерлік негізде құрылады.

Сауда франчайзингі әртүрлі нысанда болады, және франчайзер үнемі тауар өндіруші болып табылмайды. Ол өндірушінің ірі дестрибьютері ретінде, тауарды өткізуде франчайзингті қолдануы мүмкін және танымал араб елдеріне қызмет етеді. Ереже бойынша, франчайзи мәні бойынша экзклюзивті дилер бола отырып, басқа өндірушілердің өнімдерін өткізуге құқығы жоқ. Бірақ, соңғы кезде, дилер біруақытта, бірнеше тауар маркасының франчайзиы бола алатын мультибрендингтік үлгі кең таралуда. Аталған қатынастың орындалу барысы франчайзингтік шартта көзделген талаптарға байланысты болады. Мұнай компаниялары (джоббинг: көлікке май құйып беретін орынның тәуелсіз иесі мұнай тасымалдаушысының сауда маркасымен жұмыс жасайды), киім өндірушілер (арнайы сәнді брендтық киім дүңгіршектері), көлік шығарушылар және олардың сауда агенттіктері, сусын өндірушілер және т.б. өз өнімдерін өткізу кезінде сауда франчайзингін пайдаланады.

Әлемдік статистикадан айырмашылығымыз, Қазақстандық нарықта, франчайзингтің сауда форматы аса басымдылықпен қолданылады. Әдетте, шетел франчайзерлері өз тауарларын елдерге сату кезінде осы кең таралған форматты пайдаланады.

Жоғарыда аталған, франчайзингтің классикалық екі түрінен басқа, сол сауда және іскерлік франчайзингтердің үндесуінен немесе жұтылуынан түрлендірілген өзге де түрлері бар. Франчайзингтің мұндай аралас түрлерін жеке санатқа жатқызуға болады, өйткені олардың форматтарының сипатталуы алдыңғыларға қарағанда өзгеше.

Өндірістік франчайзинг. 

Өндірістік франчайзинг – бұл, франчайзердің франчайзиға тауарлық таңба, құрал - жабдық, шикізат, тауар өндіру үшін патенттелген ноу-хау табыстаудағы кәсіпкерлік қатынас нысаны.

Франчайзердің франчайзиға тауар өндірісінің технологиясынан басқа, тауардың өзін және франчайзингтік пакетін ұсынатын сауда форматынан өндірістік форматтың ерекшелігі: франчайзер франчайзиға өнім өндіру технологиясын, фирмалық ноу-хау, кейде құрал жабдықтарды, шикізаттарды беру арқылы фирмалық тауарға сәйкесті тауар өндіруге мүмкіндік береді.

Өндірістік франчайзингте, франчайзер барлық шикізаттардың орталықтандырылған тасымалдауын және өндіріс үрдістерінің негізгі құраушыларын өзіне шоғырландыруға тырысады. Франчайзер кез-келген уақытта өндіріс үрдісінің барлық құпиясын сатпайды, ноу-хаудың кейбір бөліктері коммерциялық құпия болып табылады. Мысалы, көптеген атақты сусын өндірушілер өндірістік франчайзинг жүйесі бойынша жұмыс жасайды: франчайзер франчайзиге әрі қарай өндірісте тікелей сусын дайындау үшін дайын шикізатты сироп немесе концентраттар түрінде ұсынады. Бұл жерде сиропты дайындау формуласы франчизи үшін құпия болып табылады. Сондықтанда, кейбір сараптамашылар бұл санатты сауда франчайзингіне жатқызады. Бірақ, өнім өндіру кезіндегі сусынды құюда және бөтелкелеуде өндірістік қуат пайдаланылады, сондықтанда мұндай франчайзингтік қатынасты өндірістік франчайзинг деп есептеу керек.

Өндірістік форматтағы франчайзингтік пакетті құрастырғанда, басты назарды өндірістік үрдіске және өнім өндіру технологиясына аударылады. Бұл, франчайзингтің көп таралмаған үлгісі, бірақ елдің экономикасы үшін өте пайдалы кәсіпкерлік нысаны, өйткені тауарды емес технологияны импорттау, қосымша өндіріс ашуға немесе бар өндіріске қуат қосуға, көптеген жұмыс орнын ашу арқылы зауыттар мен фабрикалардағы өндірістің жаңа технологияға көшуіне және өндіріс үрдісін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда өндірістік франчайзингтың мысалы болып, Қарағандыдағы мрамор өнімін өндіретін атақты брендпен аттас Тиффани Марбл компаниясы табылады.

Әрине, франчайзингті түрлерге бөлудің барлығы шартты, өйткені көптеген кәсіпкерлер өз бизнесінің форматын нақты айта алмайды. Франчайзингтың теориялық анықтамасының заңды талқылауы және тәжірибеде қолдануы өзгешелікке ие болуы мүмкін. Алайда негізгі формат түсінігі табысты кәсіпкерліктің әлемдік тәжірибесін зерделеуге, жұмыстар тетігін және франчайзингтік әрекеттердің қағидаларын үйретуге көмектеседі, өз кезегінде кәсіпкерге франчайзингтік қызметтің үйлесімді бағдарламаларын жасауға ықпал етеді.

Франчайзинг түрлерінің классикалық емес нысандар қатары бар, олар коммерциялық және әлеуметтік кәсіпкерліктің түрлері болып табылады.

Әлеуметтік франчайзинг-бұл, әлеуметтік мақсатқа жету үшін коммерциялық және коммерциялық емес моделдердің қайталануы. Әлеуметтік франчайзинг әлеуметтік экономиканың бір түрі бола отырып, әлеуметтік кәсіпкерліктен, әлеуметтік маркетингтен және әлеуметтік несиелендіруден құралады. Әлеуметтік франчайзингті әлеуметтілікке бейім кәсіпорындар және коммерциялық емес ұйымдар қолданады.

Медиа-франчайзинг - жаңадан пайда болған терминдердің қатарында, медиаөнімдер өндірісі аумағындағы франшизаларды білдіреді.

Оқиғалылық франчайзинг - белгілі бір қоғамдық оқиғаны/шараны басқа бір аумақта түпнұсқалық сауда маркасын, тұжырымдамасын және оқиға форматын сақтай отырып қайталау.