Колл-центр:1408 (Тегін қоңырау шалу)

Табыстылар тағылымы


Елімізде өз ісін ашуға ниет білдіргендердің қатары артып келеді.
Мақсот Ажғұлов экономика мен қаржының жілігін шаққан.
Бүгінде Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлік дамудың даңғыл жолына түсті. Оған бет бұрғандар жаңа жұмыс орындарып ұсынып, еліміздің әлеуетін нығайтуда. Өз ісін жаңа бастаған талай кәсіпкерлерге «Даму» Қоры батасын беріп, жол ашты. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша ұсынылатын кепілдеме мен демеуқаржыландырудың шапағатына Дмитрий Тихонов бөленді.
Кәсіпкерлік асқан жауапкершілікті талап етеді. Сан соқпас үшін алдыңды бажайлау қажет. Мұны түйсінген Арман Ағайдаров әуелі халықтың сұранысы мен қажеттілігін жете зерделеген. Нарықтың ахуалы жан-жақты бағамдалды. Нәтижесі таңдауға түрткі болды.
Мықты біліммен қарулансаң, асығың алшысынан түседі. Ақпараттық дәуірде біліп-түйгенді жетілдіру заман талабына айналып отыр. Уақыт тынысын дөп басқан Нұрсұлтан Исин «Даму» Қорына жүгінген. Ақмола облысының тұрғыны «Жаңа бизнес ашуды қолдау» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік әліппеге тереңірек үңілді. Семинар-тренингтер тегін. Бизнес жоспарды айна-қатесіз түзу, жобалық менеджменттің негіздері – қаузалған тақырыптардың бір парасы. Білім көкжиегін кеңейткен Нұрсұлтан тәуекелге бел буды. Күдіктен гөрі үміті басым жігіттің жолы оңынан туды. Ол қалааралық жолаушылар тасымалында өзінің бағдарын ашты.
«Мақсатың айқын болса, алынбайтын асу, бағынбайтын қамал жоқ». Оның өміршеңдігіне Сержан Ашығалиев көз жеткізді. Батыс Қазақстан облысының тұрғыны көкейіндегі асқақ арманына жан бітірген. Төгілген маңдай тердің арқасында Қаратөбе ауданында таза ауыз су өндірісі оң жолға қойылды. Бүгінде оның дәмі көпшілік үшін таңсық емес. «Дем» белгісімен шығарылатын тіршілік нәрі тұтынушылардың сенімін иеленген. Құтыларға құйылған су өңірдегі сауда орындарының сөрелерінен орын алған. Стартап жобаның табысты кәсіпке айналуында «Даму» Қорының өзіндік қолтаңбасы бар.
Ақ халатты абзал жан Асылбек Әлібеков дертіне дауа іздеген талай науқасқа қол ұшын созды. Жерлестерінің алғысына бөленген батысқазақстандық дәрігер 20 жылға жуық медицина саласында еңбек етеді. Тәжірибелі травматолог-ортопед 2015 жылы өзінің жеке орталығын ашуға бел буды. Білікті маман «Даму» Қорының қолдауына жүгініп, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының шапағатына бөленді.
Табыс кілтін табу үшін білім мен біліктілікті үнемі жетілдіру қажет. Оған Виталий Пан шүбә келтірмейді. Орда бұзар жастағы Алматы қаласының тұрғыны «журналистика» мамандығының қыр-сырын меңгерген. Бірақ жігерлі жанның бүйрегі кәсіпкерлікке бұрған. Виталий ойға салынбай, оның  әліппесін игеруге кірісті. Білім көкжиегін кеңейтуге «Даму» Қоры септігін тигізді.
«Еңбек етсең еленерсің, оның жемісіне кенелерсің». Қалима Жұматай өмірлік қағидасынан еш таймайды. Тапқан-таянғаны – тынымсыз төгілген тердің жемісі. Ауылда түтін түтететін нәзік жан бүгінде наубайхананың жұмысын дөңгелетіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде. Оның қолынан шыққан нан мен женттің дәмі тіл үйіреді.
Бүгінде жеке кәсіппен айналысып, оны дөңгелетіп алуға талпынатын жастар аз емес. Тек арагідік білім көкжиегінің таяздығынан, нысанасы дәл тәжірибенің жоқтығынан табысқа кенелудің өзі мұңға айналады. Бұл бағытта арнайы оқыту дәрістеріне артылатын жүктің салмағы ауыр. Олардың арасында «Даму» Қоры қолға алған «Бизнес-Кеңесші» жобасының өзіндік ойып алатын орны бар. Оның шеңберінде саланың майын ішкен, жілігін шаққан жандар тәжірибелерімен бөлісіп, білген-түйгендерін бүкпесіз жайып салады.

1 2 3 4 5 ... 8 >